Қасиетті Құранға қарсы шығу – ТОПАСТЫҚ!

d29bd2b1d180d0b0d0bd7

Осыдан біршама уақыт бұрын АҚШ-тың Флорида штатындағы евангелие шіркеуінің пасторы Терри Джонс 2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі лаңкестік шабуылдың 9 жылдығына байланысты Құранның көшірмесін өртейтінін мәлімдеген болатын. Алайда, пікірталас өткен соң ол аптаның соңына қарай біресе Құранды өртеуден бас тартатынын мәлімдеп, оның артынша қайта өртейтін болып, бірнеше рет құбылды. Бұған күллі ислам әлемі: «Зұлымдар жалған өмірде жазаланбаса да о дүниеде тамұқта жанады», – деп ширықты.

Ауғанстандағы АҚШ пен НАТО әскерлерінің басшылығы мен АҚШ-тың Кабулдағы елшілігі шіркеудің бұл жоспарына қарсылық білдіріп, елшілік Ислам дінін сыйламайтын мұндай шараға АҚШ үкіметі үнсіз қарай алмайды және «діни немесе этникалық топ мүшелерін қорлауды көздеген мұндай әрекетке қатты алаңдайды» деп мәлімдеді. АҚШ президенті Барак Обама мен жауапты хатшы Хилари Клинтон «тәйт» деген соң Терри үнсіз қалды. Бірақ бұл дәстүрлі дінге жатпайтын ойдан шығарылған сектаның Теннеси штатындағы екі мүшесі исламды жалған дін деп айыптап, мұсылмандардың қасиетті кітабының екі данасын жұрт көзінше өртеді. Ал, Нью-Йорктегі азалы күнді (әйгілі 11-қыркүйек) еске алуға арналған жиында тексіздердің тағы бірі қасиетті кітабымызды парақтап жыртып, жеке-жеке отқа жақты. Күллі әлем бұл оқиғаға: «тамыры жоқ тексіз діннен сусындаған тексіздердің айуандығы» деген баға берді.

Бұл қысқа да нұсқа баға. Осы бір оқиға расында да барынша демократиялы, әрі барлық сенімдердің қамқоры болуға тырысушы АҚШ-тың өзіндегі ойдан шығарылған тексіз сектаның әлемдегі екі үлкен дін арасына от жағуға тырысқан бұл арандатушы, ақылсыз іс-әрекетіне тыйым сала алмауы оның бет-бейнесін аша түскендей әсер қалдырды. Барша мұсылмандар мен ізгі ниетті адамзат, оның ішінде біздің отандастарымыздың да осынау алпауыт елді жақтырмай қалғаны хақ.

Барша мұсылмандар секілді бұл ақылсыз іс-әрекетті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да барынша айыптайды. Қасиетті кітабымызды қорлағысы келгендерді жазалауды Алла тағалаға табыстадық. Өйткені зұлымдық жасаушы дін дұшпандары мәңгі азап шегеді.

Ислам – адамзатты тура жолға бастайтын Алланың хақ діні болса, ал қасиетті Құран – Алла тағаладан түскен 4 кітаптың соңғысы. Мұсылмандар сол 4 кітапты да, барша пайғамбарларды да мойындайды, құрметтейді. Ал, Құранды өртеушілер оның қадір қасиеті туралы біле ме екен? Алла тағаланың адамзатқа қасиетті Құран кәрімді түсіруі өз пенделеріне көрсеткен шексіз мейірімі. Құран кәрім – мұсылман баласының тура жолдан таймай, хақ жолды дұрыс тауып жүруіне арналған басшы кітап. Құран кәрім – сіз бен бізді жаратқан, бүкіл ғаламдардың иесі, ақырғы есеп-қисап күнінің жалғыз қожайыны Алла тағаланың сөзі. Осы қасиетті кітаптың адамзат өміріндегі орны, онымен қатысы және оқуы жайлы аз-кем тоқталсақ.

Құран – тілмен оқылатын, жүрекпен қабылданатын, құлақпен тыңдалатын кітап. Онымен байланыста болу ең абзал ғибадаттардың бірі, әрі Аллаға жақындаудың бір жолы. Бұл кітаптың әрбір әрпінде он жақсылық бар. Жай оқығанның да, мағыналарына ой жүгіртіп оқығанның да бұл жақсылықтардан несібелері болмақ. Алла тағала Құран мазмұнына бүкіл ғылым атаулының негіздерін сыйғызған. Онда үкімдер, шариғат талаптары, мысалдар, өнегелер, аспан әлемінің жүйесі тағы басқа көптеген мәселелер керемет дәлдікпен берілген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде Құран туралы былай деген: «Алланың кітабы сол – ішінде сендерге дейінгі уақиғалар, сендерден кейінгі хабарлар және араларыңда жасалатын үкімдер бар. Ол ешбір әзілі жоқ төреші кітап, оны менсінбей тастап қойғандарды Алла құрдымға батырады, ал одан басқадан туралық іздегендерді адастырады. Өйткені ол – Алланың мықты жібі және хикметке толы сөзі, әрі ол – тура жол. Онымен жүргендер адаспайды, оны арқау еткен тілдер шатаспайды. Ғалымдар оны қанша оқыса да әсте, тоймайды, көп оқылғаннан ол ескірмейді, ішіндегі ғажайыптары сарқылмайды. Жындар оны естігенде: «Шындығында, біз аса ғажап Құран естідік» деп таңданыстарын жасыра алмаған. Кім оған сүйеніп сөйлесе, туралық айтады, онымен үкім етсе, әділ болады, оны ұстанып өмір сүрсе, мол сауапқа кенеледі, оған шақырған тура жол табады».

Міне, Алланың соңғы елшісі Құранға осылай сипаттама берген. Ал, Алла тағаланың өзі Құран кәрім туралы былай деді: «(Мұхаммед (с.ғ.с.)! Егер бұл Құранды бір тауға түсіргенімізде, оның Алладан үрейленіп быт-шыт болғанын көрер едің. Ал, мұндай мысалдарды адам баласы ойлансын деп келтіреміз» («Хашыр» сүресі, 20-21 аяттар).

Құран осыншалықты зілбатпан жүк, әрі салмағы ауыр аманат. Аталмыш аят бізге маңайымыздан күнде көріп жүрген асқар-асқар тауларды адам жүрегімен салыстыруға да мүмкіндік береді. Енді ойланып көрейікші, тастан жаралған қатпарлы қалың тау көтере алмас батпан салмақ адам баласының жұдырықтай жүрегіне тапсырылған. Алғаш рет бұл жүкті Алланың сүйіктісі, ғаламдардың мақтанышы Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз қабылдаған еді. Оған (с.ғ.с.) уаһи түскенде, оның түр-тұлғасының қатты құбылуы да екі дүниенің арасына көпір болудың рухани ауыртпашылығынан болса керек. Сахабалардың білдіруінше, уаһи түсіп жатқан сәтте Алла елшісінің (с.ғ.с.) ажары қатты өзгеріп, жаны мен тәні алабөтен сипат алатын. Уаһидың түсірілуі мен оны қабылдаудың негізгі ақиқаты бізге белгісіз. Оны толық сипаттауға қарым-қабілетіміздің жетпесі хақ. Алайда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) уаһи түсіп жатқанда: «Раббым, мына аятты тағы бір қайталай гөр!» деп тілемеген. Керісінше, Құран уаһи етілген сәтте оны ұмытып қалмау үшін тездетіп қайта-қайта оқуға тырысқан. Сол сәттердің бірінде Рахман Иеміз: «(Уа, Расулым!) Құран түскенде тезірек жаттауға асығып тіліңді қозғалтпа. Шын мәнінде, уаһиды сенің жүрегіңде жинау және оны оқыту Бізге тән іс. Ал, оны Біз оқығанда, оның оқылуына ілес» деген аят («Қиямет» сүресі, 16-18 аяттар) түсірді. Олай болса, уаһидың негізгі сырын бір Алла біледі. Бірақ, әрбір мұсылман жүрегі осынау қасиетті кітапты ұялатуға лайық етіп жаратылған. Өйткені Алла тағала ешкімге көтере алмайтын жүк артпайды. Құранда айтылғандай: «Әркімге шамасы келетін міндет қана жүктеледі» («Бақара» сүресі, 233-аят). Бірақ, Құранға өзге кітаптардан айырмашылығы жоқ жай бір кітап деп жеңіл қарауға болмайды. Кейде Құран оқып отырып, өксігін баса алмай жылайтындарды көріп қаламыз. Олардың көңілін босатып, буынын жібітетін не дейсіз ғой? Ол – Құран кәрім аманатының осы ауырлығы. Ал, енді бір қызығы сол – қаншалықты қиын болса да әлемнің әр бұрышындағы мұсылмандар бұл кітапты толығымен жаттап, жүрегімен сезінуге құштар. Африка мен Азияның түрлі ұлттары, Еуропаның қаншама мұсылмандары бұл кітапты жадында сақтауға барынша ден қоюда. Мұны кездейсоқтық дей аламыз ба? Тіпті, араб тіліндегі бірауыз сөздің мағынасын түсінбейтіндер де бұған тереңдеп ден қоюы таңқалдырады. Міне, бұл қасиетті кітабымыздың кереметтігінен, қасиеттілігінен. Шариғатымызда кәләм шәріпті жаттау былай тұрсын, оқудың өзі құлшылық саналатынына не дейсіз? Адамзат баласының ең ардақты тұлғасы Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыздың көптеген хадистері осыған шақырады. Мәселен, бір хадисте былай делінген: «Кімде кім Құраннан бір әріп оқыса, оған бір жақсылық жазылады, ал әрбір жақсы амал үшін он сауап жазылады, мен «Алиф, Ләм, Мимді» бір әріп деп айтпаймын, жоқ, «Алиф» – бір әріп, «Ләм» – бір әріп және «Мим» – бір әріп». (ат-Тирмизи). Құранды көп оқушылар осындай мол сауап алуға асықсын.

Бұл Құранды оқушылар үшін. Ал, оны оқи алмайтындар не істейді? Өздері оқуды үйреніп алғанша, өзгенің оқығанын тыңдайды. Әсіресе, қазіргі ғылым мен техниканың дамыған ғасырында небір қаз дауысты қарилардың Құран оқығанын үнтаспаға жазып алып тыңдауға мүмкіндік мол. Сөйтіп, оны тыңдау арқылы құлшылық жасауға, Жаратушымыздың рахымына бөленуге болады. Бұл туралы да қасиетті Құранда былай делінген: «Қашан Құран оқылса, оған құлақ салып тыңдаңдар да үндемеңдер. Осылайша рахымға бөленерсіңдер» («Ағраф» сүресі, 204-аят).

Иә, Құранды тыңдаудың өзі мұсылман баласы үшін Алланың рахымына қол жеткізудің бір жолы. Иә, Құранның мұсылман баласына берер пайдасын санап тауысу мүмкін емес. Алла елшісі (с.ғ.с.) хадистерінің бірінде: «Егер адамдар Алланың үйлерінің бірінде жиналып Құран оқып, оны өзара талқылайтын болса, олардың міндетті түрде жаны тыныш тауып және оларды рахым періштелері қамқорлығына алады. Алла оларды Өзінің құзырындағылар жанында еске алады», – дейді (Мүсілім).

Мұнда: «Оқыса, өзара талқыласа» делінген. Демек, Құранды өзара талқылау маңызды және мұсылмандарға қойылар талаптың бірі. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі де одан тыс қалмаған. Жыл сайын Рамазан айында Жәбірәйіл (ғ.с.) періште түсіп, екеуі Құранды сансыз қайталайтын. Көктің аманатын арқалаушысы мен жердегі ең сенімді аманат иесі Құран кәрімді бірге оқитын.

Құран адамзаттың екі дүниелік бақыты үшін түскенін білсе де, көре алмай, Құранды пенде кітабы етіп көрсетіп, оны жоққа шығаруға тырысқан дін дұшпандары бұған дейін де қаншама жанталасқанымен, оның мәңгілік жарығын өшіре алмады, өшіре алмасы да хақ. Өйткені, қасиетті Құранда Алла тағала: «Олар Алланың нұрын ауыздарымен үрлеп өшіруге тырысады. Алайда, Алла кәпірлер қаламаса да нұрын толықтырады» («Саф» сүресі, 8-аят), – деп уәде берген.

Сондықтан да Құран жайлы сын айтып, сөз таластырмақ болғандар мәңгілік сөнбес нұрдан мақұрым қалмақ. «Расында Құранды Біз түсірдік. Әрі шын мәнінде, оны Біз қорғаушымыз» («Хижыр» сүресі, 9-аят), – деп Алла тағала оны сақтап, қорғайтынын баса айтқан.

Олай болса, дін жауларының қасиетті Құранды өртеуі ақылсыздық. Мұнымен дінімізді мұқатып, кемсіте алмайды. Себебі, оның қорғаушысы Алла тағаланың өзі.

Оңғар Өмірбек,

ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы