Әмбебап Әкім

3

Ұстараның жүзіндей кесетіні де бар, біз секілді тесетіні де бар, ашатыны да бар, басатыны да бар, геологтың бұрғысындай бұрайтыны да бар, тіпті тіс шұқитынына дейін бес қаруын бойына жинаған баяғы шалдардың шаппасы секілді әмбебап Әкім Ысқақ ініме.

Әкім!

Сен кімсің?!

Мен айтайын,

Білмейтіндер білсін.

Пайғамбарға – үмбет,

Құдайға - құлсың.

Бұ дүние – жұмбақ,

Бұ дүние – тылсым.

Сол жұмбақты шешуге

Ұмтылып жүрген ұлсың!

Шашылғанға – шаңырақ,

Асыл жанға – жырсың.

Тұма бұлақ секілді,

Тұнып тұрған сырсың.

Біреу үшін –бұлбұл,

Біреу үшін – гүлсің.

Балаларға - әке,

Әйеліңе – пұлсың.

Әкім-ау,

Сонда сен кімсің?!

Тағы айтайын,

Білмегендер білсін.

Жеті жасқа жеткенше

Атан-анаңның алдында

Бота болған Әкімсің.

Ордабасы тауының

Етегіне еркелеп,

Жата қалған Әкімсің.

Он сегізге келгенде

Қыз-келіншек соңында

Соқа болған Әкімсің.

Жиырма беске келгенде

Көз тартатын көрмеде

Фото болған Әкімсің.

Әзіл жазып әу баста,

Арам шөпті түбімен

Отап алған Әкімсің.

Орда бұзып отызда,

«Қайраткер!» деп халқыңнан

Атақ алған Әкімсің.

Қызын сүйіп қызыңның,

Алтынайдай жиенге

Ата болған Әкімсің.

Ұл-қыз сыйлап Ұлжаның,

Бәйдібектей Бабадан

Бата қонған Әкімсің!..

Айналайын бауырмал

Айналайын, інім-ау,

Тағы айтайын расын.

Сенің жұмыр басыңа

Жиып-теріп бергендей.

Бабалардың мұрасын.

Бір ұстазың – Ньютон,

Кернеуіңе сыймастан

Физик болып тұрасың.

Бір ұстазың – Ыбырай

Алтынсарин секілді

Шәкірттерді ұғасың.

Атам қазақ секілді,

Бұздырмауға тырыстың

Бозторғайдың ұясын.

Құрманғазы - бір атаң,

Құйқылжытып құлаққа

Құйып өткен күйі асыл.

Осыншама дәулетті

Арқалап ап Әкім-ау,

Қайда барып сиясың?

Көпен Әмір-Бек