Ұлт мүддесін жақтағандарды бірлікке,
билікке қарсы деп санау – Тәуелсіздікке қастық
Белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеев «Айқын» газетінде «Ел бірлігіне қарсы шығуға бола ма?» деген күлкілі тақырыппен көсіліп беріпті. Әрине, болады, Бексұлтан аға! Ол, «Ел бірлігі» доктринасын жасағандар ел бірлігі – алдымен негізгі ұлт – қазақ мүддесін ойламай, баянды болмайтынын сезуден мақұрым қалғандар жасаса! Тәуелсіздігімізге 20 жылға жуықтаса, тәуелсіздік құрдастары мемлекеттік тілді білмесе, яғни қажет етпесе, қарсы шықпағанда қайтесіз. Кеше ғана Астанада өткен жиында Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасы, сабыры сары алтын Нұрлан Оразалин ініңіздің өзінің шыдамы бітіп, «өзгенің қабағына қараймыз деп, өзіміз құритын болдық» деп, айқай салса - оның негізі бар болғаны. Енді елді алдау үшін қойылған «Ел бірлігі» деген атауды көзір қылып, оған қарсы шығуға бола ма деп, басқа планетадан бүгін түскендей екі қолыңызды жайып отырғаныңызды Сізді сүйіп оқитын оқырмандарыңыз түсінер емес.
Иә, мемлекеттік ұлт мүддесі үшін биліктегілер қолында тұрған билікті пайдаланбай, қарап отырғанын білмегенсіп, «52 пайыз ата-ана балаларын неге қазақ мектебіне бермейді» деп, «Америка ашып» аңырып отырғаныңыз қалай? 52 пайыз ата-ана неге қазақ мектебіне береді балаларын, сол қазақ тілі қазақ мемлекетіне қажет болмаса! Егер мемлекеттік тілді білмеген жан мемлекеттік қызметке, жоғары оқу орнына алынбаса, барлығы балаларын қазақ мектебіне сүйрейді. Онда билікке де, биліктің тапсырмасымен өңін айналдырып мақала жазып отырған, Сіздің де не бас ауыртқаныңыз бар?
Өзге ұлттар емес, қазақ тіліне қарсы шығып отырған - билік орындарындағы, 90 пайызы мемлекеттік тілді білмейтін қазақтың мемлекеттік шенеуніктері.
Дүбара, ұлтқа зиянды доктринаға қарсы шығу емес, қарсы шықпау елден ұят, Бексұлтан аға!
№48-49