«АШТЫҚ ЖАРИЯЛАУҒА ҚОСЫЛУШЫЛАР КҮН САНАП КӨБЕЮДЕ»
2009 ж. 15 желтоқсан
1053
0
Мұхтар Шаханов:
– Қолдаушылар саны көбейіп жатыр ғой?
– Ия, бүгінгі таңда қолдаушылар саны 500-ден асты. Талғардан 75 адам, Түркістаннан 200-дей, т.с.с. Бұл жерде бірінші айтылатын мәселе – «Ел бірлігі» доктринасындағы «мемлекеттік тілді, Қазақстанда тұратын көптеген ұлттардың тілін дамытамыз» деген сөздердің бәрі жай алдарқату ғана. Екіншіден, билік бізге үлгі етіп ұсынып отырған американдық ұлттың табиғаты мүлдем басқаша. Оларда жергілікті, байырғы ұлт, орысша «титульная нация» дейміз ғой, түп-тамырымен жойылып жіберілген-дағы, жан-жақтан жиылған көп ұлттан жасанды түрде бір ұлт жасап шығарылған. Ал, біздегі байырғы ұлт – қазақ ұлты әзір қырылған жоқ, дін аман ғой!
Ең бастысы – «қазақстандық ұлт» доктринасы қабылданатын болса біз ертең-ақ, біз «қазақпын» деп айтқанымыздың өзі үшін жауапқа тартылуымыз мүмкін. Өйткені, Елбасы өзінің «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс өткен ХІ-съезінде сөйлеген сөзінде «твоя национальность – твое личное дело» деп атап көрсеткен болатын. Сонда бүкіл ұлтымыздың өз болмысын сақтап қалуы үшін жүргізген сандаған ғасырлар бойы жанқиярлық күресі бүгінгі күні келіп әр адамның жеке шаруасы ғана болып қалғаны ма?..
Сондықтан, «Ел бірлігі» доктринасы қазақ ұлтын тікелей жоюға бағытталған құжат деп түсіну керек. Бұл - биліктің қазақты ұлтсыздандыруға бағытталған бірінші талпынысы емес. Ол сонау 1994 жылы басталған болатын. Қазақстан халқы Ассамблеясы қазір екінші Парламент рөлін атқарып отыр. Бізден басқа бірде бір елде мұндай құрылым жоқ. Сонымен қатар, бұл Ассамблея мүшелері Парламентте де депутат болып отыр. Бұл Конституцияға тікелей қарсы нәрсе.
- Бұл доктрина бірқатар облыстарда талқыланған көрінеді. Және ондай талқылауға кімдердің шақырылатыны белгілі ғой... Енді биліктің тағы бір-екі облыста осындай талқылауды өткізіп, соны желеу етіп, доктринаның қабылданып кетуі мүмкін бе?
– Әбден мүмкін. Билік кейінгі кезде халықпен санасуды мүлдем қойды.
– Халықтың бүгінгі қарсылығы билікке әсер етеді деп ойлайсыз ба?
– Қайдам...Кеше ғана маған жүзге тарта жас қыз-жігіттер келіп кетті. Әншілердің қол қойған хаты баспасөзге жарияланып жатыр. Бірақ биліктің халықпен санасқысы жоқ.
- Мұндай санаспаудың аяғы қиын болатынын билік ойламай ма сонда? Екінші «Желтоқсан» болып кетуі мүмкін ғой...Билік басында жүрген азаматтардың ешқайсысы хабарласқан жоқ па? «Аты-жөнімізді көрсетпей-ақ қойыңыз» деп болса да?...
– Биліктегілерге барлық нәрседен өзінің қызметі жақын .
– Сонда бүгін «Ұлт басына күн туды» деп айтуға бола ма?
– Мұндай ауыр күн қазақтың басына бұған дейін түскен емес! Себебі, жоңғармен соғыс болсын, патшалық Ресейге қарсы ұлт-азаттық көтерілісі болсын, оның бәрінде де жау ашық еді. Және ұлт үшін жанын берсе, құрбан болса, қазақтың он мыңы құрбан болар еді, мүмкін жүз мыңы құрбан болар еді. Ал, мына жерде бүкіл ұлт жойылайын деп отыр. Және қалай жойылғанын байқамай да қалады. Тіліміз жойылғаннан кейін ұлтымыз жойылмағанда несі қалады? Қазақ тілі қазірдің өзінде сүтке тиген күшіктің күнін көріп отыр. Жиырма жылдан бері басқа ұлт өкілдерін айтпай-ақ қояйық, қазақтың өзі қазақша үйренетін кезі, үйренгісі келмесе шетелдердегідей заңмен мәжбүрлейтін, міндеттейтін кезі болды ғой. Ал, оның орнына 20 жылдан бері биліктің басындағылар балалары тұрмақ немерелерін де тек қана орысша оқытып, орысша тәрбиелеп келеді. Жақында менің Астанадағы Тұңғыш Президент атындағы мектепте кездесуім болды. Сонда сұрастырып білсем, мектепте жалпы 40 сынып бар екен. Оның 20-сы қазақша, 20-сы орысша көрінеді. Ал, енді осы орыс тіліндегі 20 сыныпқа баратындардың 95-пайызы қазақ балалар екен. Және олар түгелдей биліктегілердің балалары көрінеді!
Биліктегі шенеуніктер неге бұлай етеді? Себебі, олар қазақстандық ұлтқа айналатынын бұрыннан біледі. Мұның бәрі ертеден жоспарланған іс.
– Өзіміздің билік өзімізге жау боп шығып жатыр ма, сонда...
– Ух!..
– Өткендегі 25 қарашадағы сіздер өткізген баспасөз мәслихатын тек қана «31-арна» мен КТК ғана берді. Халықтың ақшасына шығып отырған «Қазақстан», «Хабар» телеарналары неге бермейді ол мәслихатты? «Егемен Қазақстан» неге жазбайды? Президенттің өзі «бұл доктринаны талқылайық» деді, «ел пікірін айтсын» деді. Елдің енді оған қарсы пікірін неге жазбайды, неге көрсетпейді?
– Демократиялық елде әркім өз пікірін білдіруге құқылы. Мемлекеттік басылымдар ең болмаса бізді неге жамандап жазбайды? Олар дұрыс бағыт ұстанбай отыр. Олардың бәрі билікке бағынады. Біздің демократиялы ел деген тек атымыз ғана қалды. Бексұлтан Нұржекеевке хабарлассам, ол азаматымыз «мені арандатпа» дейді. Ұлтынан айрылса несі қалатынын қайдам. Арамызда осындай жігіттер де бар...
– 17-желтоқсанда қоғамдық қозғалыс¬тардың, саяси партиялардың мүшелері наразылық шеруіне, аштық жариялауға шыға ма? Олармен хабарласып жатырсыздар ма?
– Жұмыс жүргізіліп жатыр. Нәтиже¬сін уақыт көрсетеді ғой.
- «Ақ Орда» жақтан ешқандай хабар-ошар болған жоқ па? Болса қандай форматта болуы мүмкін?
- Ассамблея төрағасы орынбасары Ералы Тоғжанов пен Президент әкімшілігі Ішкі саясат бөлімі басшысы Дархан Мыңбай келді. Біз оларға өз талабымызды қойдық. Ол баспасөзде жарияланып жатыр.
Сұхбаттасқан Қ.СЕЙҚУНИ
№48-49