Үкімет 378 миллиард теңгені игере алмады
2015 ж. 20 мамыр
2009
8
Үкімет тағы қолда бар қаржыны ұқсата алмай, өткен жылы 378 миллиард теңгені игермеді. Мәжіліске келген Есеп комитеті мүшесі Жансейіт Сәрсенқұловтың ұсынған дерегі депутаттардың төбесінен жай түскендей етті. Қыруар қаржының тиянақты жоспарланбауынан ондаған мемлекеттік бағдарлама орындалмай қалған. Ашуға мінген халық қалаулылары Үкімет мүшелеріне сұрақты қарша боратты. Жиын соңы үлкен дауға айналып, депутат Зағипа Балиева орнынан тұрып кетіп қалды.
Есеп комитеті Үкіметтің тағы бір шарасыздығын ашып берді. Былтыр бюджеттен бөлінген 378 миллиард теңгені министрліктер игере алмай, қыруар қаржыны шоттарында босқа ұстап отырған.
– Орталық мемлекеттік мекемелерде 14 миллиард теңге игерілген жоқ. Жергілікті атқару органдары 4 миллиардқа жуық қаржыны босқа ұстаған. Осындай жұмсалмай қалған қаржы негізінен ұлттық компанияларда. Олар 320 миллиард теңгеден астам қаржыны өз мақсатында пайдаланбаған, - деді Республикалық бюджетті бақылау жөніндегі Есеп комитетінің мүшесі Жансейіт Сәрсенқұлов.
Соның салдарынан жүздеген инновациялық жоба мен ондаған мемлекеттік бағдарлама құрдымға кетті. Бұдан бөлек, 14 нысан жартылай салынып, құрылысы аяқсыз қалыпты. Мәселен, Қостанай облысында 3 миллиард теңгеге тұрғызылған құс фабрикасы кіріс әкелмей,тұралап тұр.
– Бұл неге байланысты? Бізде субсидиялау, кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау тиімсіз жүргізіліп жатыр ма? Әлде «Даму» қоры қаржыны оңды-солды шашып жатыр ма? Біз 300 миллиардтан астам қаржыны кәсіпкерлікті қолдауға жұмсаймыз, - деді мәселенің мәнісін анықтағысы келген депутат Нұртай Сәбильянов.
Ал, Зағипа Балиева игерілмей қалған миллиардтарға 400-ден астам балабақша салуға болар еді дейді. Сөйтіп, 100 мың бүлдіршінге орын тауып, балабақша жетіспеушілігін жоюға болады екен.
Зағипа Балиева, Мәжіліс депутаты:
– Ақталып отырғанымыз жоқ. Не істеуге болатынын айтып отырмыз ғой.
– Шамалы қоя тұрыңызшы, басқа да адамдар бар ғой?
– Кешіріңіз, біз бұл үшін жиналған жоқпыз. Қазір тұрам да кетіп қалам.
Сөзін бөлгені үшін кетемін деп ашуға мінген депутат айтқанында тұрды. Ойындағысын іркілмей айтып болған соң, айтып сөз, ұрып таяқ өтпейтін үкімет өкілдеріне қарамай орнынан тұрып жүре берді.
Иә, үнемі жылы жымиып жүретін Зағипа Балиеваның жүйкесін жұқартқан Үкіметке не деуге болады? Бұл жылда қайталанатын көрініс. Ақша жоқ болса бір сәрі, барды жөнімен жұмсай алмаса мұндай Үкіметті толығымен отставкаға жіберу керек шығар. Дау-дамайдан естерін әзер жиған депутаттар бюджет ақшасын ұқсата алмағандарды жауапқа тартылуын талап етті. Бұл да жылда естіп жүрген жаттанды әніміз, нәтиже қайда, нәтиже?..
Зейнолла АБАЖАНОВ
"Қазақ үні" газеті