ҚОРШАҒАН ОРТАМЫЗ қорғау күтеді

d0bdd183d180d0b3d183d0bbd18c-d0b1d0b5d180d0bad0b5d0bdd0bed0b2d0b0-d0bcd0b0d181d0b8d0bcd0bed0b2-d184d0bed182d0be1

ТАБИҒАТТЫҢ ТОСЫН МІНЕЗІне

ҮКІМЕТ үн қата бастады

Соңғы уақытта табиғаттың тосын мінезі адамзат баласын ойландыра бастағандай. Жер-жерде табиғат-ананы аялау шаралары қолға алына бастады. 2 қыркүйек күні ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Н. Әшімов мырза Үкіметтің отырысына 2010-2014 жылдарға арналған «Жасыл даму» салалық бағдарламасын ұсынды. Еліміз экологиядан көз ашпағандықтан аурулардың да көбейіп бара жатқандығынан енді ғана сескене бастаған үкімет мүшелері бағдарламаны бірауыздан бекітті. Баяндамасын тек мемлекеттік тілде жасап, үлгі көрсеткен Н. Әшімовтің айтуынша, бұл бағдарлама Қазақстанның 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын және Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасын іске асыруға бағытталған.

Иә,бүгінгідей ғаламды экологиялық апат қаупі қаусырып келе жатқанда құр қол қарап отыру орны толмас зардаптарға соқтыратыны белгілі. Сондықтан да бұған кез-келген ел бей-жай қарамаса керек. Қазақстан Үкіметі де бұл бағытта ауқымды да, маңызы зор бағдарлама қабылдап отыр.

2010 – 2014 жылдарға арналған «Жасыл даму» салалық бағдарламасы Қазақстанның 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын іске асыру мақсатында әзірленген.

Бағдарлама қолданыстағы келесі құжаттардан тұрады:

Қазақстанның экологиялық қауіпсіздігі тұжырымдамасы;

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту және орналастыру тұжырымдамасы;

«Қазақстан Республикасының 2010 жылға дейінгі қоршаған ортасын қорғау» бағдарламасы;

2010 жылға дейінгі су ресурстарын, жануарлар дүниесін сақтау және оңтайлы пайдалану, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың желісін дамыту жөніндегі бағдарламасы;

«Жасыл ел» бағдарламасы.

«Жасыл даму» салалық бағдарлама мерзімі, ресурстары және орындаушылары бойынша келісілген мақсаттардың, міндеттердің, нысаналы индикаторлардың және мақсаттарға жетуді қамтамасыз ететін шаралардың жүйесін қамтиды.

Бағдарламаны іске асыру екі кезеңде жүзеге асырылады.

Бірінші кезеңде (2010 – 2012 жылдар) табиғи ортаның ластану деңгейін азайту жөнін­дегі жұмыстар мен оларды ұйым­дастыру шаралары көздел­ген.

Екінші кезеңде (2013 – 2014 жылдар) табиғи ортаны басқару сапасын жақсарту болып табылады.

Бағдарламаның басым мін­деттері бойынша арнайы іс-шаралар әзірленді және олардың орындаушылары, орындалу мерзімдері, қаржыландыру көз­дері мен көлемдері нақты айқын­далып отыр.

Бағдарламаны іске асыруға 163,5 млрд. теңге қаражат бөлу көзделген. Оны іске асыру нәтижесінде келесі көрсеткіштерге қол жеткізілетін болады, олар:

Атмосфераға зиянды заттар шығарындыларының тө­мен­­деу пайызы 2009 жылмен салыстырғанда 2014 жылға кемінде 5,9 % болады.

Ластағыш заттар төгіндiлерінің деңгейі 2009 жылмен салыстырғанда 2014 жылға кемінде 3,5 %-ды құрайды.

2014 жылға қалдықтардың түзілуіне оларды қайта өңдеу үлесі 21,9 %-ды құрайды.

Киіктер санының өсуі 2014 жылға 10 % құрайды.

Орман отырғызу көлемін ұлғайту 2014 жылға 65,0 мың га құрайды.

Гидрометеорологиялық қауіп­ті және дүлей құбылыстар туралы дауыл ескертулерінің алдын ала уақыттылығын арттыру 2014 жылға 72 сағат­ты құрайтын болады.

Бағдарламаны таныстыру бары­сында шешімін тап­паған бірқатар экологиялық мәселелерге де тоқталды:

2010 жылға республика аумағында 43 млрд. тоннадан астам қалдық жинақталған. Шамамен, олардың 600 млн. тоннасы улы қалдықтар. Аталған көлем жыл сайын шамамен 700 млн. тоннаға ұлғаюда. Еліміздің аумағында біршама төзімді органикалық ластаушылардың, хром мен қорғасын, кадмий мен мыс сияқты ауыр металлдардың айтарлықтай көлемдері жинақталған.

Еліміздің бір тұрғынына орта есеппен бір жарым мың тонна өнеркәсіп және тұрмыс қалдығы тиесілі. Бұл көрсеткіш Еуропа мемлекеттерінің жинақталған қалдықтарының деңгейінен әлдеқайда артық.

2009 жылы Су айдындарына көлемі шамамен 3 млн. тоннаны құрайтын лас немесе жеткілікті тазартылмаған сарқынды суларды тастау жалғасуда. Ауыз суға қол жетімділік проблемасы өзекті мәселелердің қатарында.

43 ірі кәсіпорын қалалар атмосферасына 2 млн. тоннаға жуық өнеркәсіп шығарындыларын тастайды. Ол бүкіл республикадағы шығарындылардың 85 пайызын құрайды. Осы шығарындыларға Алматы және Шымкент қалаларында 70-80 пайызға жететін автокөліктер әсері қосылады.

Каспий теңізінің астында қалу қауіпті аймақтарда 1485 ұңғымасы бар 19 мұнай кен орындары жатыр. Оның ішінде 90 ұңғыма су астында қалу қауіпі бар аймақта. Олар теңіздің ластануына аса үлкен қауіп төндіруде.

Қазақстан аумағының үлкендігінен ластану көлемдері аз болып көрінуі мүмкін. Бірақ, шөлейттенген және тозған жерлердің аудандары ел аумағының 70 пайызын құрайды. Мысалы, 182 млн. гектар жайылымдардың 26 млн. гектары тозудың шекті дәрежесіне жеткен.

Экологиялық апат аймағына жатқызылған Арал маңы аумағының экологиялық жағдайы әлі де күрделі.

Көрсетілген проблемалар тікелей экологиялық жүйелерге ғана емес, халық денсаулығына да қауіп төндіруде. Әсіресе, олар тыныс органдары, онкология, жүрек-тамыр жүйесі, тері, жүйке ауруларымен науқастану және өлу деңгейі жоғары республиканың ірі қалаларында және өнеркәсіптік орталықтарда шоғырланған.

Аталған проблемаларды шешу мақсатында «Жасыл даму» бағдарламасында жұмыс төрт бағыт бойынша жүзеге асырылады:

1. «Жасыл экономиканы» дамыту;

2. Қоршаған орта мен денсаулық компоненттеріне антропогендік әсерді төмендету;

3. Табиғи экожүйелерді сақтау және қалпына келтіру;

4. Қоршаған ортаның сапасын басқару жүйесін дамыту және жетілдіру.

Әлем бойынша «Жасыл экономиканы» дамыту ең алдымен теңгермелі экологиялық-экономикалық даму ретінде түсіндіріледі. Оның негізінде келесі қағидаттар жатыр:

өндірістің экологиялық тиімділігі;

ресурс үнемдеу;

экожүйелерді сақтау;

шаруашылық жүргізудің про­грес­сивті және инновациялық үлгілерін қолдану.

Оны іске асыру үшін:

тауарлар мен қызметтерді өндіру кезінде материалдардың тұтынылуын төмендету;

өндірістің энергия сыйымды­лығын төмендету;

улы қалдықтардың түзілуін төмендету;

қалдықтардың рециклденуін ұлғайту;

жаңартылатын ресурстарды пайдалануды барынша арттыру;

өнім мерзімінің ұзақтылығын арттыру.

Қоршаған орта мен денсаулық компоненттеріне антропогендік әсерді төмендету үшін өндіріс және тұтыну қалдықтарын басқару бойынша шаралар кешені, ең алдымен, кәсіпорындарды қалдықтарды кәдеге жаратуға және қайта өңдеуге ынталандыру тетіктері әзірленеді.

Тұрмыстық қатты қалдық­тарды көмудің қазіргі полигондарында қоқыс биогазын ұстау және қыздыру шамдарын кәдеге жарату және энергия үнемдейтін жарықтандыру құралдарының өнді­рісін ынталандыру көзделетін болады.

Дүниежүзілік банкпен ынтымақтастықта салынған зауытта кейіннен жоюмен тұрақты органикалық ластаушылар мен ескірген пестицидтердің барлық түрлеріне толыққанды түгендеу жүргізіледі.

Сумен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін ірі қалаларда және елді мекендерде (Ақтөбе, Орал, Атырау, Ақтау, Жаңаөзен, Құрық) су пайдалану, су бұру және кәріздік тазалау құрылыстары жүйелерін салу, қайта жаңарту және жаңғырту жөніндегі, сондай-ақ, Щучье-Бурабай курорттық аймағындағы су қоймаларын (Щучье, Бурабай, Қарасу көлдері) тазалау жобаларын іске асыру жөніндегі жұмыстары жүзеге асырылатын болады.

Жерасты суларының авиация­лық керосинмен ластануын жою жұмыстары көзделген (Семей қаласы) және Ақтөбе облысы «Елек» өзеніне құятын аймақта алты валентті хроммен ластануынан жер асты суын тазалау жүзеге асырылады.

Осы атқарылған іс-шаралар кешені экологиялық жүйеге және халықтың денсаулығына жағымсыз факторларының қауіп-қатерін төмендетуге мүмкіндік тудырады.

Үшінші «Табиғи экожүйені сақтау және қалпына келтіру» міндеті шеңберінде:

Семей сынақ полигоны аумағының радиациялық қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі және халық шаруашылығына 80 пайызына дейін беріледі;

«Капустин яр» және «Азғыр» ядролық сынақ полигондарының әсерінен зардап шеккен халықты сауықтыру және оларға әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу көзделген;

Байқоңыр ғарыш айлағы аумағында зымыран-тасығыш­тарын ұшыру кезіндегі мониторингтік іс-шаралардың және экологиялық сүйемелдеу жүргізу жалғастырылады;

Мұнай кен орындарында су астында қалған аймақтардағы иесіз ұңғымалар мен мұнай қоймаларын жою жұмыстары қаралған.

Төртінші «Қоршаған ортаның сапасын басқару жүйесін жетілдіру және дамыту» міндеті шеңберінде:

Қоршаған орта сапасын басқарудың заңнамалық тетіктерін одан әрі жетілдіру және іске асыру шаралары жалғастырылады;

рұқсаттық жүйенің ашықты­лығы мақсатында табиғат қорғау заңнамасын сақтауға бақылау күшейтіледі;

Каспий теңізінің қоршаған ортасы мониторингінің Бірың­ғай автоматтандырылған мемле­кеттік жүйесін, Гео-ақпараттық жүйесі және Қоршаған ортаны қорғау кадастрларының бірыңғай жүйесін құру қарастырылған; құрылып жатқан Солтүстік-Каспий экологиялық әсер ету базасы қызметінің шеңберінде Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінің экологиялық және метеорологиялық мониторингін жүргізу бойынша салааралық ынтымақтастық қамтамасыз етіледі;

Ақтау қаласында Каспий теңізінің проблемалары бойынша ғылыми-зерттеу институтын құру көзделеді;

Қазақстан Республикасының ұлттық гидрометеорологиялық қызметін жаңғырту және қауіпті гидрометеорологиялық құбылыс­тарды, атмосфералық ауа ласта­нуының жоғары деңгейін болжау, қауіп жөнінде дер кезінде құлақтандыру іс-шаралары жал­ға­сады; шекаралас мемлекеттермен (Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан) ынты­мақ­­тастықты одан әрі дамыту жолымен трансшекаралық су сапасы­ның мониторингі жөніндегі жұмыс­тарға ерекше назар аударылады; қоршаған ортаны қорғау, бассейндік аймақтарды зерттеу, энергияны және жаңартылатын ресурстарды тиімді пайдалану бойынша ғылыми зерттеулер жүргізіледі.

Аталған міндет шеңберінде осы шаралар экожүйелерді сақтау және оны қалпына келтіруге жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Бағдарламаның басым мін­деттері бойынша нақты орын­дау­шылары, іске асырылу мер­зімдері, сондай-ақ, жылдар бо­йынша жобаланған көлемдері мен қаржыландыру көздері көр­сетілген арнайы іс-шаралар әзірленді.

Бағдарлама бойынша 350 млрд. теңге көлемінде шығын жоспарланып отыр.

Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде келесі көрсеткі­штер­ге қол жеткізу жоспарланады:

Атмосфераға зиянды заттар шығарындыларының тө­мен­деу пайызы 2009 жылмен салыстырғанда 2014 жылға кемінде 5,9 пайызды құрайды.

Ластағыш заттар төгіндiлерінің деңгейі 2009 жылмен салыстырғанда 2014 жылға кемінде 3,5 пайызды құрайды.

2014 жылға қалдықтардың түзілуіне оларды қайта өңдеу үлесі 21,9 пайызды құрайды.

Парниктік газдардың жылдық шығарындылары көлемінің төмендеуі 2014 жылға 1992 жылға қарағанда 1 пайызға жететін болады.

Киіктер санының өсуі 2014 жылға 10 пайызды құрайды.

Орман отырғызу көлемінің жыл сайынғы ұлғаюы 2014 жылға 65 мың гектарды құрайтын болады.

Жалпы, Қоршаған ортамыз қорғау күтетіні анық. Енді оған Үкіметіміздің үн қатып, қолға ала бастауы көңіл қуантады.

Фазылбек ӘБСАТТАРҰЛЫ

«Жас қазақ үні» газетінің

Астана бюросы