Алматыда құтқарушылар құлаған көпір астында қалған құрылысшыларды әзер шығарды
2015 ж. 25 сәуір
1624
0
24 сәуір
Алматыда салынып бітпеген көпір құлап, ондаған жұмысшыны басып қалды. Рысқұлов және Саин көшелерінің қиылысындағы алып көпір құрылыс қызып жатқан кезінде опырылған деп хабарлады КТК арнасы.
Дәл сол сәтте құрылыс алаңында 52 адам бетон құю жұмысымен айналысып жатыпты. Соның 21-ін жолайрықтың темір құрастырмалары басып қалып, жараланған. 6 құрылысшы өлім мен өмір арасында жатыр. Үйінді астында қалып қойғандар да бар. Әзірге бір адам деген ақпар айтылуда. Бұл – көпір құлағаннан кейінгі көріністі кәугерлердің бірі ұялы телефонына түсіріп алған. Оқиға шамамен түскі 12 шамасында болыпты. 125 метрлік алып көпір опырылғанда екі басында жұмысшылар бетон құйып жатқан. Жалпы құрылыс алаңында 52 адам жүрген екен. Ал темір құрастырмалары түгел тізілген жолайрық бас-аяғы 5 секундта жермен жексен болды. “Қатты гүрс еткен дауысты естіп, сыртқа шыққам. Сол кезде көпір құлап жатты. Кейін ана шеті құлады. Көмек сұрап, құрылысшылар жүгірді. Барып біраз адамды шығуға көмек бердім. Сол кезде үйінді астында 5-6 адамның жатқанын көргем. Одан кейін құтқарушылар бізді шығарып жіберді”,- деді оқиға куәгері Сапар Кенжебаев. Сол 52 адамның 21-і түрлі жарақатпен шұғыл ауруханаға жеткізілген. Оның 6-уы үйінді астынан шығарылғандар. Тағы бір жұмысшыны құтқарушылар кешке дейін үйінді астынан алып шыға алған жоқ. Қазу жұмыстары үшін қосымша күш те шақыртылған. Десе де оның тірі қалуы екіталай дейді мамандар. “Апаттың себебін арнайы құрылатын комиссия анықтайды. Қазір Төтенше қызметтің барлық құрылымы көпірді ашу жұмыстарымен айналысып жатыр. Жүзге жуық техника әкелінді. 52 адамның болғанын құжат бойынша тексеріп жатырмыз”, – дейді Алматы қаласы ТЖД бастығының орынбасары Нұрлан Мадияров. Әзірге болжам бойынша, көпірдің бетон бағандарының бірі опырылып кеткен. Сондай тағы бір жағдайда, бетон тасушы көлік келіп бағанға соғылған деседі. Бірақ бұл ақпарларды тексеру қорытындысынан кейін мәлім болмақ. Айтар кетерлігі, нысанды мақтаулы “Базис” компаниясы тұрғызып жатқан екен.Дереккөз: КТК арнасы