"Хабар" арнасында жаңа телетуындының тұсауы кесілді!
Өмір – тоқтамайтын керуен, адамзат ондағы жолаушы ғана. Тағдыр қай сүрлеуіне салса да, қасқайып төтеп бере білу баршаға міндет. Осы ұғымды қоғамға жеткізетін жаңа деректі драма көгілдір экран арқылы көрерменге жол тартты. Сәуірдің алтыншы жұлдызынан бастап, «Хабар» арнасынан жарыққа шыққан «Өмір сабақтары» жобасының басты мақсаты – рухани-адамгершілік құндылықтар мен адам бойындағы ізгі қасиеттерді насихаттау, жас буынға сабақ беру. Драманың басты ұстанымы заманның қасқырға, адамның түлкіге айналған шағында қоғамдағы әділетсіздікті, адамдар арасында қатыгездікті әшкере ету болып табылады. «Телетуындыға өмірден алынған шынайы оқиғалар арқау болды, сондықтан түсірілім барысында кино элементтерін пайдалануды жөн көрдік», - дейді жоба режиссері Айбол Сейілхан.
Бүгінде «Хабар» арнасының тапсырысы бойынша «Mass Media Group» компаниясының ұжымы телетуындының түсірілімдерін жасау барысында тер төгуде. Рөлдерді сомдайтын актерлер кейіпкердің табиғатына, болмысына сай іріктелініп алынып, кәсіби шеберліктері ерекше назарға алынуда. Ал жобаның авторы әрі шығармашылық жетекшісі Бауыржан Ибрагим болса, «Бұл жоба - менің өмірден түйгенімнің жемісі, «Өмір сабақтары» қоғамға рухани азық беріп, жақсылыққа жетелесе, нұр үстіне нұр болар еді» деген ойын жеткізді.
«Mass Media Group» компаниясының директоры Мағзұмов Асқар Ерболатұлының айтуынша, аталмыш деректі драма жарық көргеніне көп уақыт болмаса да, өз көрерменін тауып, бұқара халықтың оң бағасына ілігіп үлгерген. Әр серия толыққанды құрылымы бар сюжеттің желісімен түсіріліп, алғашқы маусымда 40 бөлім көрермен назарына ұсынылмақ. Ендеше, өмірден сабақ алған кейіпкерлердің шытырман оқиғалары сіздерге де сабақ болып, өмірлеріңізге мән сыйласын дейміз.
P.S. Бағдарламаны әр аптаның дүйсенбі және бейсенбі күндері сағат 15:55-те «Хабар» арнасынан тамашалай аласыздар.
qazaquni.kz