Оразалин айтқан шындық
Саудабаевты неге ашуландырды?..
Заңдылығы күмәнді, әлемде тек бізде ғана бар Қазақстан Халқы Ассамблеясы(ол үшін бізде мақтанады, мүмкін қауіптену керек шығар...) есіне не түсіп кеткенін қайдам, әлде, қарап отыра бергенше, бірнәрсе жасаған болайық деді ме, «Ел бірлігі» деген дүбара доктринаның жобасын шығарып елді екіге бөліп, шулатып жатқанына біраз уақыт болды. Желтоқсанның 9-ы күні бұл мәселе Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қоры Қамқорлық кеңесінің 2-ші отырысында да арнайы қаралды. Мұнда жазушылар ел ішіндегі ушығып бара жатқан ахуалды басу үшін билік бір шара қолданып, доктринаны түзеу керек деген пікірге келді! Ұлт мүддесін қорғаған зиялылардың сөзі бірақ Мемлекеттік хатшы - Қамқоршылық кеңес төрағасы Қанат Саудабаевқа ұнамай қалды. Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасы төрағасы Нұрлан Оразалин доктринаның дүбәра, шикілігін ашып айтты. Ел ішіндегі үш адамы бар этнос өкілі де, үш миллион орыс ұлтынада негізгі мемлекет құраушы ұлтты – қазақты жығып берген теңгермешілдікке қарсы шығып, азаматтығын айқын танытты:
- Жобаның ішінде көңілге қонбайтын нәрсе - ел құрамында 3миллион этнос өкілі бар орыс ұлтының қабағына қашанғы қараймыз? Олай бола берсе, қазақ тілі құрымай ма?
Бұл шындыққа Қанат Саудабаев шала бүлініп, қатты ашуланып шыға келді. «Астана» телеарнасынан оның Нұрлан Оразалинге сұқ саусағын шошайтып, дауыс көтеріп жатқанына куә болдық:
- Нұреке, сен талайдан бері Қазақстан Жазушылар Одағында басшы болып сайланып келесің. Қазақ тілді кітаптарың бар, қазақ басылымдарың бар, саған біреу айтқызбай отыр ма?
Мемлекеттік тілдің «дамығанын» мемлекеттік емес тілде дәлелдейтін Мемлекеттік хатшы (№41, 28.10.2009) бұл жолы қазақша жазып алғандарын қағаздан көз алмай оқып отырған болатын. Қазақстан Жазушылары Одағының төрағасы айтқан ащы шындық шымбайына батып кеткенін анық байқатып алды. Бірақ жиынға қатысушылардың айтуынша, «Сіз маған олай дауыс көтерменіз!» деп, Оразалин Саудабаевты орнына қойған секілді...
№48-49 11.12-18.12.2009 ж.