БАНК БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ БОРЫШКЕРЛЕРГЕ БЕРЕРІ МОЛ

Таяуда «Интерфакс-Қазақстан» агенттігінің баспасөз орталығында «Альянс Банкі» баспасөз мәслихатын өткізді. Жиында банк қызметкерлері өз несие алушыларына жәрдемдесу үшін арнайы бағдарлама бастайтынын атап көрсетті. Дағдарыс дерті дендеген заманда екінің бірі банктен алған несиесін өтей алмай әуре-сарсаңға түсіп жүргені белгілі. Осы тұста халық кімге сүйенерін де, сенерін де білмей қалды. «Банктердің алаяқтық жасағандығын әшкере етеміз» деген базбір қоғамдық қозғалыстардың соңынан ерген жұрт құзіретті органдарға талап-арызын жолдап, енді нәтижесін күтіп, екі көзі төрт болып жүр... Осы тұста БАҚ өкілдерінің басын қосқан «Альянс Банк» несие алған жеке тұлғалардың қарыздық ауыртпалығын жеңіл¬детуге бағытталған бірқатар жү¬йелік шешімдерді атап көрсетті. Бағдарлама шарттары жылжымайтын мүлікпен қамсыздандырылған жеке тұлғалардың несиелеріне қатысты қолданылмақшы. Бағдарламаны жүзеге асыру бойынша атқарылатын іс-шаралар екі кезеңге бөлінген. Ағымдағы жылдың қараша айында басталған бірінші кезең несиені өтеу барысында қиындық көріп отырған мәселелі борышкерлерге жәрдемдесуге арналған. Несие алушылардың бұл тобына қарызды қайта құрылымдау бойынша несиенің үстемақы мөлшерлемесін азайту, ай сайынғы төлем сомасын азайту мен қарыздық міндеттемені жеңілдету үшін несиелеу мерзімін ұзарту, есептелінген үстемақыны өтеуге 12 айға дейінгі жеңілдік мерзімін беру, несиені өтеуде мерзімді кешіктіргені үшін есептелінген айыппұл мен өсімпұлдарды жою сияқты осындай шаралар ұсынылып отыр. 2010 жылдың қаңтар айынан бастап бағдарламаның екінші кезеңі басталмақшы. Бағдарламаның бұл кезеңінде несиені тұрақты түрде өтейтін несие алушыларға өз қарызын қайта құрылымдауға мүмкіндік туады. Несие алушылардың бұл тобына ұсынылып отырған шарттар қарызды қайта құрылымдауға тиімді жол ашпақ. - «Альянс Банкінің несие алушыларын қолдау бағдарламасы Қазақстан Республикасының экономикасы мен қаржылық жүйесін тұрақтандыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламасы негізінде жасалып отыр. Мемлекет тарапынан дағдарысқа қарсы іс-шаралар жүйелі түрде жүргізіліп жатқанына қарамастан, несиелерді өтеу мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Себебі, дәл қазіргі таңда азаматтардың көпшілігінің несиені өтеудің бұрынғы кестесі бойынша төлеуге мүмкүндігі болмай отыр. Бағдарламаны жасау барысында банк қызметін пайдаланушылардың, яғни борышкерлердің мүдделерін қорғайтын әр түрлі қоғамдық ұйымдар қойған талаптарды ескеруге тырыстық. Бағдарламада ұсынылып отырған кешенді іс-шаралар Альянс Банкінің 30 мыңнан астам несие алушылардың қарыздық ауыртпалығын жеңілдетуге жағдай жасайды деген ойдамыз», - дейді Альянс Банкі Басқарма Төрағасының орынбасары Татьяна Белозерцева. «Альянс Банкінің» несие алушыларға жәрдемдесуді мұрат тұтқан бұл бағдарламасы, саны бар, сапасы жоқ жасалып жатқан көп бағдарламаның бірі болып қалмай, күнделікті күйбең тіршілікпен күні өтіп жатқан көпке көмегі тисе жарар еді... Гүлмира САДЫҚОВА №46-47  04.12-11.12.2009 ж.