Қазақстан президенттігіне үміткерлердің мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау үш кезең бойынша өтеді.
Президенттікке үміткерлердің мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссия осындай шешім қабылдады.
Лингвистикалық комиссияның төрағасы Мырзатай Жолдасбековтың айтуынша, президенттікке үміткерлер үшін сынаққа ұсынылатын сұрақтардың барлығы бекітілген.
“Жалпы сынақ үш кезеңнен тұрады. Президенттікке үміткерлердің мемлекеттік тілді еркін меңгерген деңгейін анықтау үшін біріншіден, үміткер осы лигвистикалық комиссия ұсынған тақырыптардың бірін таңдап, көлемі 2 беттен аспайтын жазбаша жұмыс жазуы тиіс. Оны жазуға бір сағат қана уақыт беріледі. Егер біздің кандидат берілген уақыттың аз екендігін айтса, онда комиссияның тағы жарты сағат қосуға құқығы бар. Одан артық уақыт берілмейді”, – деді Мырзатай Жолдасбеков бүгін баспасөз брифингінде.
Екінші кезеңде үміткерлер қазақтың классик қаламгерлері шығармаларының бірін таңдап, көлемі үш баспа беттен аспайтын мәтінді ырғағына келтіріп оқиды.
Комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбеков: “Одан кейін лингвистикалық комиссия бекіткен тақырыпқа байланысты дайындалып, 15 минут соның төңірегінде еркін сөйлеуі тиіс және оған дайындалуға да комиссия 1 сағат уақыт береді. Осы үлкен үш сынақтан кандидат өткеннен кейін комиссия өздеріне бекітілген бөлмеде бас қосады. Кандидаттардың жетістігі мен кемшілігін талқылап, президент болуға лайықты ма, өзінің мемлекеттік тілін меңгерген бе, өз ана тілін бағалайтын адам ба, деген мәселелерді талқылап, қорытынды шығаратын болады”, – дейді.
Еске сала кетейік, Қазақстанда кезектен тыс президенттік сайлау 26-сәуірде өтеді. Қазіргі таңда Орталық сайлау комиссиясына президентке кандидатарды ұсыну жүргізілуде.