Ой, дүние-ай, біздің қазіргі рухани ахуалымыз бүйірі қырық тесік шелек сияқты. Бір жыртығын жамасаң, екіншісі сарылдап ағып тұрады. Кеше «Қазақстан – 2050» дейтін қоғамдық қозғалыс зинақорлықты мемлекеттік дәрежеде насихаттап, жұрттың жағасын ұстатса, оның алдында Баян Есентаева атты қарындасымыз: ««Тек қана қазақша сөйлегеніңіз үшін өздеріңізді нағыз қазақ ретінде санауға кім құқық берді?» деп зіркіреген-тін.
Жоғардағы жазғандармен жаға жыртысып, жексұрын болып, енді «ух» деп отыра бергенде мына жақтан Телебеков деген тентек арсылдап шыға келді. Өзінің «Қазақстан Мұсылмандар Одағының төрағасы» дейтін зілдей атағы бар екен.
Құдай сақтасын! Бұл бейбақ ғаламтор бетіне былай депті:
"Қазақ ұлты әрқашан біреудің қолжаулығы, біреудің жатырына салатын тампон, әлдебір ұлы державаның артқы қуысына тығатын геморройдың свечасы болып қалады. Тіпті болмаса, қазақ ұлтына біреудің мүшеқабы болу “бақыты” бұйыруы бек мүмкін. Сол арқылы ұлы ұлттар (орыстар қытайлармен, түріктер өзбектермен) бір-бірімен шағылысып, қазақтар өздерін әркез қор санап, жүре беретін болады…
…Қазақ тілінде жаргон жоқ қой, байқадыңыздар ма? Әлгі өзіміз күнде еститін орыс тіліндегі, ағылшын мен басқа тілдердегі көше тілін айтып отырмын. Қазақ тілінде тіпті жаргонның жұрнағы да жоқ. Бұл тілдің дамымай, бір орнында мешеу болып қалғандығын дәлелдейді. Ешқандай қуаты жоқ дәрменсіз, бейшара тіл. Қазақтардың жаңа нәрсені қабылдамайтын догмашыл психологиясы да осы сияқты. Бұл қартайып, қалжыраған дімкәс тіл. Оның маңдайына да бір кездері жоғалып кеткен латын тілі сияқты өлі тілдердің тағдыры жазылған…
…Біз елімізден орыс, кәріс, немістерді қуып жатырмыз. Олардын құқын шектетіп, небір заңдар қабылдадық. Ал сонымен бірге Монғолиядан, Қытай, Иран мен Ауғанстаннан қазақтарды жинап жатырмыз. Ертең елге қауіп төнсе, мына сырттан келген қазақтар қайтадан қашып кетеді. Елді қорғайтын осындағы ұйғырлар, кәрістер мен орыстар…".
Оқыдыңыздар ма, айтқанына қарағанда бұл адам бірінші, иісі қазақты, екінші, қазақ тілін, үшінші,оралман қандастарды жек көретін адам екен. Астағыфураллаһ, хадисте, «сендер бір-бірлеріңді толық жақсы көрмейінше мұсылман емесіңдер» дейтін сияқты еді ғой, сонда мына Телебек деген шын мұсылман ба өзі. Бұны кім мұсылмандарға төраға етіп қойған. Бұндай адамды төраға қылмас бұрын денсаулығын неге тексермеді екен. Дені сау адам өзінің халқын бұлай деп қорлап сөйлей ме? Білімі мен білігі тасып бара жатса, халықты қорлағанша ақыл айтып, ағартпай ма?! Шіркін-ай, қазақты қорлағандарды жазалайтын сот болса ғой. Тіпті не айтарымызды білмей қалдық. «Қиналған Жамбыл жері осы» дейтін Жәкем сияқты ызадан жарыла жаздап қалшылдап отырмыз.
Мұрат Түсіпов,
namys.kz