Осы аптада еліміздің орталық атқарушы органдарында еш кадрлық тағайындау орын ала қойған жоқ. Дегенмен, Батыс Қазақстан мен Қызылорда облыстарында басқарма басшылары ауысты.
Қызылорда облысы әкімінің өкімімен Сайлыбаев Бахытжан Әбдіқалықұлы облыстық білім басқармасының басшысы болып тағайындалды. Ол 2013 жылдан осы кезге дейін Қызылорда облысының білім басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.
Батыс Қазақстан облысында екі бірдей басқармаға жаңа басшылар тағайындалды. Айта кетерлігі, елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үкіметтік органдардың аражігін айыру жөніндегі жарлығына сәйкес өңірдегі кейбір мемлекеттік органдар облыс әкімдігінің құзыретіне берілген болатын.
Соған орай облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың өкімімен Ахмет Наурызұлы Ғұбайдуллин облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасының басшысы болып тағайындалды. Осыған байланысты облыс әкімі Ғұбайдуллинді басқарма ұжымына таныстырып, оның бұл салада тәжірибесі мол, өз жұмысын жетік білетін білікті де талапшыл басшы екендігін атап өтті.
Сонымен қатар облыс басшысының өкімімен Салауат Ғаббасұлы Нұрғалиев БҚО жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы болып бекітілді.
Осы аптада Инвестициялар және даму министрі кеңесшісі қызметіне 44 жастағы Арман Тұрлыбек тағайындалды. Ол 1974 жылы бұрынғы Жезқазған облысында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, Қазақстан-Ресей университетін, Алматы энергетика және байланыс университетін бітірген. Бірқатар уақыт Қарағанды облысында коммерциялық құрылымдардың басшысы болған. Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары, қаланың әкімі қызметтерін атқарған. Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, үкімет басшысы орынбасарының кеңесшісі болған.
2010-2014 жылдары Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің мемлекеттік энергетикалық бақылау және қадағалау комитеті басқарған.
Сондай-ақ, Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагиннің өкімімен Аманбек Әмірхамзаұлы Қалжанов Есіл ауданының әкімі болып тағайындалды. Ол 2013 жылдың маусымынан бастап бүгінге дейін Ақмола облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қызметінде болған.