ОҚО әкімі жұмыс істей алмайтын әкімдерден қызметін босатуды талап етті
2015 ж. 06 ақпан
2865
3
Оңтүстік Қазақстан облысы жұмысын дұрыс ұйымдастыра алмаған ауыл әкімдерін жұмыстан босату керек екенін айтты. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Шардара ауданының әкімі Қамытбек Айтөреев өткен жыл атқарылған жұмыстар және облыс әкімдігі тарапынан берілген тапсырмалардың орындалуы туралы есеп берді.
Жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасарлары, облыс әкімі аппаратының бөлім меңгерушілері мен басқарма басшылары өз салалары бойынша ауданда атқарылған жұмыстарға бағасын берді.
Айтөреевтің есепті баяндамасын талдаған облыс әкімі Асқар Мырзахметов жыл қорытындысымен ауданда құрылыс саласындағы жоспарлы көрсеткіштер өз деңгейінде орындалмағандығын атап өтіп, жауапты азаматтарға шара қолдануды міндеттеді.
Коммуналды су шаруашылығы мекемесіне құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге құқық беретін лицензия алу мәселесін реттеуді, құбыр арқылы су берілетін елді мекен тұрғындарына су тарифінің белгілеген құнын жан-жақты түсіндіруді, Шардарадағы 72 көпқабатты тұрғын үйдің кондоминиум нысаны ретінде тіркелуін және шағын әуежай ашу жұмыстарына қажетті құжаттарды рәсімдеуді ширатуды тапсырды.
Сонымен қатар индустрияландыру бағытындағы жұмыстарды өз деңгейінде атқармаған лауазым иелерінің жауапкершілігін қарауды тапсырып, жұмысын дұрыс ұйымдастыра алмаған ауыл әкімдерін жұмыстан босатуды жүктеді.