Экс-премьерге жаңа айыптар тағылуы мүмкін
2015 ж. 04 ақпан
1516
1
Үйқамақта отырған экс-премьер Серік Ахметовке тағы бірқатар жаңа айыптар тағылуы мүмкін деп хабарлайды КТК арнасы.
Өйткені оның Қарағанды облысын басқарған тұста мемлекеттің миллиардтаған теңгесін жымқырып, шет елдердегі есеп-шоттарына аударғаны тергеу барысында әшкере болыпты. Осындай тергеу мәліметтерімен "Время" газеті бөлісіп отыр.
Онда Ахметовтің Қарағандыдағы Индустриалдық парк құрылысына мемлекет бөлген 25 миллиард теңгеге ауыз салғаны айтылады. Сол кездегі облыс әкімінің "батасымен" құрылысқа араласқан "Қазақстан өндірістік корпорациясы" 5 миллиард теңгенің тапсырысын жеңіп алады.
Артынша директоры Әлжан Ақмолдаев Ахметовтің Біріккен Араб Әмірліктеріндегі есеп-шотына 2 жарым миллион доллар аударған. Істегі тағы бір дерек бойынша, индустралдық парк аумағындағы кәріз жүйесі құрлысына осы Ахметовтың пәрменімен сапасы төмен, арзан құрылғылар қымбат бағамен сатып алынды деп көрсетілген.
Тиісінше артық ақшаны Ахметов пен орынбасары Ғабит Мұхамбетов және индустриалдық парк директоры Анатолий Эссе өзара бөлісіп алыпты. Тергеушілер мемлекеттің 1 млрд 130 млн теңгесі осындай жолмен қалтаға кетті деп санайды. Қазір осы іс бойынша шенді шекпендісі, тордың арғы-бергі жағындағысы бар 20-дан астам адам тергеуге түсіп жатыр.
Арасында Ахметовтен кейін облысты басқарған Бауыржан Әбдішев те бар. Ал үйқамақта отырған Серік Ахметовтың өзі сотқа дейін тергеу сұрақтарына жауап беруден бас тартқан.