Тумай тұрып куәлік алған
2009 ж. 07 желтоқсан
2143
0
Қасиетті қазағымның тәуелсіз елінің еңсесін тіктеп, әлемдік жаһанданудың жалынына шарпылмай, өркениет көшіне ілесе білуінің тарихи маңызын тереңнен түсінген Жарылқасын Әзіретбергенұлы 70 жылдардан бастап қоғамдық-саяси өмірге белсене араласа бастады. Отаншылдық қасиеті таза, елжандылық болмысы бөлек, Жарылқасын аға сындарлы сәттерде шындықты шырылдатып айтып, ел перзентіне тән адалдығымен танылды. Сол үшін Жақаңның аз-уақытта-ақ өз замандастарынан шоқтығы биік болып шыға келгені бар. Жалтақтауды жаны сүймейтін, әділеттің ақ туына кір түсіруді ар санайтын асқаралы азамат ел ішінде бірлік пен берекені, ынтымақ пен татулықты өміршең етудің жолында өлшеусіз еңбек етіп келе жатқаны үшін Отанымыздың жоғары наградасымен марапатталғанын барша көптің ортақ қуаныш етуі тектен-тек болмаса керек. Құзырет иесінің мейір шапағатының арқасында жіті қимылы ат үстіндегі жігіттерден кем түспейтін, байсалды ойлы, байыпты мінезді, уәжді сөзді, кең пейілді Жарылқасын ағамыздың қазанаттай ғұмыры үлгі-өнеге болса, бұл күнде ұлтжандылық жанашырлығын абыз қарияларымыздың болмысындай көрсетіп жүргенін қалай әспеттесек те жарасады.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ЖЕДЕЛХАТЫ Құрметті Жарылқасын Әзіретбергенұлы, 70-ке толған мерейтойыңыз құтты болсын! Бұл айтулы асуға мейірбан, қамқор ұрпақ өсіріп тәрбиелеп, өзіңіз сияқты ел жұртқа абыройлы болып келу зор мәртебе. Көзі ашық азамат ретінде еліміздің тыныштығы мен халқымыздың амандығының қамын ойлап, жұртшылықты игі істерге жұмылдырып жүрген ақсақалдық қызметіңізге дән ризамын. Өмірде көрген-түйгені мол жандардың осылайша әрдайым жақсылықтың жанашыры болып, кейінгі жастарға үлгі-өнеге көрсетіп жүргендеріне не жетсін. Зор денсаулық, бала-шағаңызға амандық пен береке бақыт тілеймін! Еңбегіңіздің зейнетін, өмірдің бар қуаныш-қызығын ұзағынан көре беріңіз. Астана, Ақорда 04.06.2009ж. Жарылқасын Әзіретбергенұлы 1939 жыл¬дың 29 маусымында Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласына қарасты Үшқайық ауыл кеңесінің Жайылма елді мекенінде дүниеге келеді. 1953 жылы 7-сыныпты бітіріп, Түркістан педагогикалық училищесіне түседі. 1957 жылы осы оқу орнын үздіктер қатарында аяқтап, еңбек жолын Балтакөл мектеп-интернатында мұғалімдіктен бастайды. Шымкент педагогикалық институтының тарих және қоғамтану факультетін ойдағыдай бітіріп, Амангелді атындағы орта мектепте мұғалім, кейіннен оқу ісінің меңгерушісі қызметтерін атқарады. Осы жылдары Ж.Әзіретбергенұлының қаламынан туған дүниелер «Лениншіл жас», «Қазақстан мүғалімдері», «Қазақстан әйелдері», т.б басылымдарда жарық көреді. Ол 1970 жылы Алматы қаласында өткізілген бастауыш партия ұйымдарының республикалық кеңесінде Амангелді атындағы колхоздың партия комитетінің хатшысы Ж.Әзіретдергеновтің ұсынысымен Орталық комитеттің жанынан «Бастауыш партия ұйымдары» құрылады. Осы кеңестің жетекшісі болып Ж.Әзіретбергенұлы сайланды. Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойының жоғары деңгейде өтуіне ерен үлес қосқан белді ұйымдастырушылардың бірі ретінде республикалық деңгейдегі «Батагөй қариялар» атты байқау өткізіп, әділқазылар алқасының төрағасы болды. Қай кезде болмасын қоғамдық жұмыстан тыс қалуды білмейтін Жарылқасын Әзіретбергенұлы 2000 жылы Түркістан қалалық «Ақсақалдар алқасы» ұйымын құруды қолға алып, бүгінге дейін сол ұйымды басқарып, ардагерлер кеңесімен тығыз бірлестікте жұмыс жасап келеді. Ұлтжанды Жарылқасын Әзіретбергенұлы 1994 жылы киелі Түркістанның төл перзенті Н.Оңдасыновтың 90 жылдық мерейтойын өткізудің тізгінін ұстап, оның жоғары ұйымдастырылуына басшылық жасайды. Ол 2004 жылы Н.Оңдасыныовтың 100 жылдық мерейтойын республикалық деңгейде атап өту мәселесін көтеріп, бұл игі іс-шара ел үкіметінің қолдауына ие болады. Жарылқасын Әзіретбергенұлы осы мерейтойға арналған ақындар айтысының қазылар алқасының төрағасы болып, оның жоғары деңгейде өтуіне үлкен үлесін қоса білген. Өскелең ұрпақ үшін ел тарихының орны бөлектігін тереңнен түсіне білген Жарылқасын Әзіретбергенұлы 2005-2008 жылдар аралығында Н.Оңдасынов атындағы мұражайдың директоры болып, көптеген игі тірліктердің атқарылуына басшылық жасады. Елжанды азаматтың ел алдындағы еңбегінің еленгендігі болар, «Ерен еңбегі үшін», «Лениннің 100 жылдығы» және «Тың игерудің 50 жылдығы», «Астананың 10 жылдығы» медальдарымен марапатталынып, «Қазақ ССР оқу ісінің үздігі» төсбелгісін кеудесіне таққаны. Халық үшін қалтқысыз қызмет істеген Ж.Әзіретбергенұлы ел құрметіне бөленіп, бірнеше рет жергілікті өкілетті органдарға депутат болып сайланады. Тәуелсіз еліміздің тұғырын биіктетуге перзенттік үлесін қосуда ел ортасындағы ерен істерге бастамашылдық жасап, өзінің үлкен ұйымдастырушылық қабілетімен көп еңбек сіңірген Жарылқасын Әзіретбергенұлы 2008 жылы Отанымыздың жоғары наградасы – «Парасат» орденімен марапатталады. Елдің ынтымағы мен бірлік-берекесінің жанашыры екенін нақты істермен дәлелдеген ел ағасы бұл күнде де қоғамдық өмір тынысының бел ортасынан табылып, өскелең ұрпақ тәрбиесіне өзіндік үлесін қосуда. Киелі Түркістанның атына заты сай өмір тынысын келешек ұрпаққа үлгі-өнеге етіп қалдыруды баянды етуге қазыналы қарияларымызды жұмылдырып, қаншама игі істерде бастамашыл болып жүрген Жарылқасын Әзіретбергенұлы ағамен арада өрбіген әңгіме үзінділерін назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік. «ТУМАЙ ЖАТЫП КУӘЛІК АЛҒАН АЗАМАТПЫН» -Менің шешем он сегіз құрсақ көтерген екен. Жұқпалы дертке шалдығып, сол он сегіздің он төрті шетінеп кетіпті. Әкем алпысқа таяған шағында үш ұл көріп, қуанышқа кенеліпті. Осылайша Аллаға шүкір айтып жүргенінде, ойламаған жерден үш ұлы да кеселге ұшырап, бір күнде жарық дүниемен қоштасады. Қапияда қара жамылып қалған әке-шешем шариғаттың ережесіне сәйкес екі өлікті бір есіктен шығара алмайтын болғандықтан, бір ұлын есіктен, екінші ұлын терезеден шығарып, үшіншісін ертесіне жер қойнына тапсырыпты. Сонда анам өлі ұлының бірін тіріліп қала ма деген оймен таң атқанша емізіп отырған екен. Үш ұлдың қазасынан кейін әкемнің есі біраз уақыт кіресілі-шығасылы болып қалыпты. Әкем көкпар шапқанда ешкімге дес бермейтін ел ішіне танылған кәдуілгі шабандоз екен. Бойында ақындық қасиеті бар болғандықтан, ел аралап өзі шығарған жырларын айтып жүріпті. Ілгеріректе өмір сүрген ауылдағы Рыскелді деген қария әкемнің өлеңдерін жатқа айтып отыратын. Жастығымыз болса керек, солардың бірін де түгелімен жазып алып қалмаппын. Тек мынадай шумағы ғана есімде ерекше сақталыпты. - «Көкпар шапқан ұстайды ердің басын, Құдайым көрер ме екен көздің жасын. Тәңірім қартайғанда бір ұл берсе, Қояр ем оның атын Жарылқасын», -деп жырлапты. Әкем осылайша ат үстінде айқайлап, өлең айтып жүрген сәтінің бірінде анам оған болашақта дүниеге бір перзент келетінін жеткізіпті. Мұны естіген әкем орнынан қарғып тұрып, атына мініп, сол заматта-ақ балаларға туу туралы куәлік беретін ауылдық кеңестің кеңсесіне барыпты. -Әзеке, тыныштық па? – дейді ауыл кеңесінің төрағасы есік алдында кездесіп. -Әйелім ұл туды, куәлік алмақшымын, - дейді ғой әкеміз. Содан өзінің әу бастан жырға қосып айтып жүргені бар, тумай жатып-ақ маған Жарылқасын атын қойып, куәлік алыпты. Ол кезде қазіргідей іштегі баланың ұл немесе қыз екенін айқындап беретін аппарат жоқ. Қарап отырсам мұның өзі Құдайдың бір құдіреті сияқты. Бүгінде естіген адамға таңданыс тудыратын шығар-ау. Әйтсе де мен тумай жатып куәлік алған азаматпын...» «ҚАЗАҚСТАНДА АШАРШЫЛЫҚ БОЛА МА?» -Жекешелендіру енді ғана басталып жатқан 1993 жылдардың тұсында колхоздар кеңесінің мүшесі ретінде Алматы қаласында өткен шаруалар кеңесіне қатыстым. Жиынға ел Президенті Н.Ә.Назарбаев, Үкімет басшысы С.А.Терещенко қатысқан болатын. Кеңес әр тоқсанда бір рет Алматыда бас қосып, Н.Назарбаевтың қатысуымен келелі кеңес өткізіп, елдегі қордаланған мәселелерді шешуде жүйелі жұмыстар атқарды. Орталық Комитеттен бізге арнайы кеңсе бөлініп, партия тарағанша қызмет жасадық. Осы жиында арнайы сөз алып, ша¬руашылықтарды дәл қазір таратуға болмайды, егер тарататын болсақ елімізде ашаршылық орнауы мүмкін деген пікір айттым. Осы мәселе турасында жазылған мақалам «Егемен Қазақстан» газетінің алғашқы бетінде «Қазақстанда ашаршылық бола ма?» деген тақырыппен жарық көрді. Бірақ, сол кезде ешбір басшы менің сөзімді құптаған жоқ. Менен кейін сөз сөйлегендер: «Әзіретбергенов қайдағы жоқ аштықты айтады. Қазақстан өмірі ондай ашаршылыққа тап келмейді», - дегенді айтты. Бірақ шаруашылықтың бәрі тарағаннан кейінгі кезеңде, яғни 1995-2000 жылдар аралығында халықтың қатты қиналғанын жалғыз мен емес, бүкіл ел біледі. Не айлық, не зейнетақы, не жұмыс жоқ, сәл болмағанда халық ала дорба асынып тентіреп кете жаздап еді. Сол кезде шаруашылықтың басы-қасында жүрген, әрі ел тынысын шынайы тұрғысынан білетін азамат ретінде елдің сондай қиын шақтан қиналмай өтетіндігін алғашқылардың бірі болып айтқан болатынмын. «ХАЛЫҚ КІМГЕ СЕНЕРІН БІЛМЕЙ ҚАЛДЫ» -Осы күнде халық кімге сенерін білмей қалды. Өйткені ел тағдырына жауапты басшылардың өзінің былығы бір-бірінен асып түседі. Жемқорлықтың тамырына балта шапқымыз келеді. Құқық қорғау органы қызметкерлерінің жалақысын көбейту арқылы. Меніңше ешқашан жалақының көбейгені жемқорлыққа тұсау бола алмайды. Өйткені жұтынып үйренген қу құлқынның «тәбеті» мол жалақы алса басқаға тартпай қалады дегенге мен сенбеймін. Мысалы, «Қазақтелекомның» бастығы айына 370 000 доллар айлық және 2 млн. доллар бонус алады. Сөйте тұра, оған ақша жетпегені сол, өз үйінің кірін компания есебінен жуғызады екен. Осыдан кейін-ақ қу құлқынның құлы болғандар ақша көрсе теріс айналады деу тіптен қиын. Сондықтан да, жемқорлықпен күресудің бірден-бір жолы – жүйелі жұмыс қана болмақ. «СОТ ШЕШЕ АЛМАҒАН ІСТЕРДІ ДЕ ШЕШКЕНБІЗ» -Зейнеткерлікке шыққаннан кейін, яғни 2000 жылы Түркістан қаласына келіп, «Ақсақалдар алқасын» құруды қолға алдым. Ұйымның әкімшілікке бағынбайтын, өз ой-пікірін еркін білдіре алатындығы маңызды болды. «Ақсақалдар алқасы» үш топқа бөлініп жұмыс жасайды дейтін болсақ, біріншісі өскелең ұрпақ тәрбиесімен айналысатын топ, екіншісі БАҚ-пен жұмыс жүргізетін топ та, үшіншісі ел арасындағы дау-дамайларды шешетін топ. Әсіресе отставкадағы полковниктерден, тәжірибелі заңгерлерден құралған соңғы топ мүшелері шешімі қиын күрделі мәселелермен айналысады. Бірде мынадай оқиға болды. Қызылорда қаласында тұратын бір жас жігіт Түркістанға тірліктермен келгенінде байқаусызда бір баланы қағып кетеді. Куәгерлер болмаған соң соттың өзі бұл істі тындырымды шеше алмай соза береді. Бізге келіп жүгінген соң, қариялық бар ақыл-кеңесімізді айтып, екі жақты бәтуаластырғанымыз бар. Осылайша сот шеше алмаған істерді де шештік. «ЖАЛАҢ ҰРАНМЕН ХАЛЫҚ САНЫ КӨБЕЙМЕЙДІ» -Биылғы санақ 16 млн.-нан асып жығылатынымызды айқындап берді. Әйтсе де, бұл Қытай мен Ресей сияқты алып екі мемлекеттің ортасында тұрған біздің еліміз үшін тым аз. Өйткені олардың бізді ойланбай жұтып қоюға шамасы жетеді. (Құдай бетін ары қылсын.) «Халық санын көбейту керек» деген жалаң ұранмен біздің санымыз көбеймейді. Бірінші жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету, екінші ана мен баланың денсаулығын сақтау сияқты мәселелер оңды шешімін табуы тиіс. Мысалы, менің өзім 17 баланың әкесімін. Маған 10 ұл-қыз сыйлаған бірінші жұбайым Үрліхан Сыпатайқызы 2002 жылы қайтыс болды. Ал, екінші жұбайым Ұлбосын Орынбайқызынан бүгінде 7 балам бар. Мұның бәрін мақтаншылықпен айтып отырған жоқпын. Бүгінгі жас отбасылар үлгі алса екен деймін. Бір отбасы шағын мемлекет екенін сезіне отырып, халық санының көбеюіне үлес қоса білсе, ойдағымыздың орындала бастағаны дер едім. Гүлмира САДЫҚОВА
№46-47 04.12-11.12.2009 ж.