Қостанай облысының әкімі халық алдында есеп бергісі келмейді
2014 ж. 12 желтоқсан
2077
3
Қостанай облысының әкімі Нұралы Сәдуақасов жергілікті "Қостанай жаңалықтары" басылымына сұхбат берді. Сұхбат әкімнің 50 жасқа толуына орай жүргізіліп, Нұралы Сәдуақасов өзінің өмір жолы мен отбасы туралы әңгіме өрбітті.
Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдары туралы ойын да айтып өтті.
"Мен сырттай білдірмеуге және көңіліме алмауға тырысамын. Мысалы, жақында Қостанайда траншеяға түсіп кеткен адамдар көз жұмды. Мен сол жерде оқиға орын алардан жарты сағат бұрын болып, қауіпсіздік ережелерінің сақталуы тиістігін айттым. Әрине, бәрін сараптау керек, тиісінше жазалау керек. Алайда, мұндай апаттардан ешкім де сақтандырылмаған. Өкініштісі, осының бәрін аңдып отыратындар бар. Әсіресе, күні-түні ақты қаралап жаза беретін блогерлер" , - деді әкім.
Ол өзінің робот еместігін, сондықтан, облыс және өзі туралы жазылып жатқан кейбір жайттарға көңілі түсетінін, тіпті, мұның жұмыс істеуге әсер ететін айтқан.
"Жақында Астанадағы Орталық коммуникациялар орталығында өткен брифингті айталық. Кейін аймақ басшылары кімнің алдында есеп беріп жатыр деп ойладым. Өйткені, отырғандардың барлығы жас журналистер. Сөзді дұрыс тыңдамайды да, бір айтқаныңды қайталап сұрап жатады", - дейді Нұралы Сәдуақасов.
Ол көлігінің неліктен мүгедектерге арналған тұраққа қойылғандығы туралы сұраққа да тоқталған.
"Олар алдын ала сондай сұрақтарды ойлап табады. "Сіздің машинаңыз неге мүгедектерге арналған автотұрақта тұр?" деп сұрады. Ал мен білмеймін, өйткені мән берген жоқпын. Қай жер бос, сол жерге қойдық. Ол кезде көлік те менікі емес еді. Оның үстіне, күзетші де сол орынға қойсаңыздар болады деген. Сонда бұл брифинг не үшін керек? Сондай қитұрқы сұрақтарға жауап беру үшін бе әлде аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айту үшін бе?", - деді Қостанай облысының әкімі.
Нұралы Сәдуақасов сұхбат барысында бос уақытында баскетбол ойнап, спортпен шұғылданатынын айтқан.