Саясат НҰРБЕК: Кез-келген үлкен тарихи процестің басында тұлға тұрады

Мемлекет басшысының тарихи рөлін ешкім жоққа шығара алмайды – Саясат Нұрбек

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөлін ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл туралы Тұңғыш Президент күніне қатысты пікірін білдірген «Нұр Отан» партиясы қоғамдық саясат институтының директоры Саясат Нұрбек мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.«Адамзат тарихында бастапқы рөлді тұлға ойнайды ма әлде үлкен тарихи процесс ойнайды ма? Яғни, үлкен тарихи процестердің жүзеге асу тетіктері бар, ол процестер өздігінен жүре береді. Осы тарихи процестердің ішінде адамның үлкен үлесі болмайды деген көзқарас бар. Екінші көзқарас бұны жоққа шығарып, тарихи процестің негізінде оның ұйытқысы болатын тұлға болады дегенге саяды. Ол тұлға өзінің даналығымен, өзінің ойымен сол тарихи процесті қалыптастырады. Мысалы, ХVII-XVIII ғасырларда көптеген ғалымдар осы тұжырымды зерттеді, ХХ ғасырда ғалымдар кітап жазды. Бірақ, бір нәрсені біз ешқашанда жоққа шығара алмаймыз. Бір ақиқат, бір аксиома бар - кез келген үлкен тарихи процестің басында әрқашанда адамзат тарихында тұлға тұрады»,-дейді С. Нұрбек. С.Нұрбек атап өткендей, қандай да бір тарихи процестердегі тұлғаның маңыздылығы адамзат тарихында дәлелденген. «Кез келген маңызды процестің басында бір адам болады, яғни, бір тұлға тұрады. Осы тұрғыда, қазір Тұңғыш Президент күнін атап өтуге қатысты болсын, жалпылай болсын, «біз бір тұлғаға табынып жүрген жоқпыз ба немесе біз демократиялық қоғамбыз» деген сияқты сыни пікірлер айтатындар бар. Бірақ, айналамызға, басқа демократ елдерге қарайықшы. Үндістан болсын, Қытай болсын, АҚШ болсын, ең дамыған елдер болсын, ең дамыған елдерді мысалға алайық. АҚШ-та президент күні тойланады. Мен өзім АҚШ-та оқыдым, сонда тарихтағы кез келге президенттің статусы бар. Оларда «бұрынғы Президент» деген түсінік жоқ. Президент қызметтен кеткен күннің өзінде, ол кісіге «аса мәртебеліПрезидент мырза» деп араласады. Ұлыбританияны алайық, бұл ел демократияның кіндігі. Ал, енді британдықтар ең бірінші орында кімді қадірлейді? Елизават ханшайымды қадірлейді. Әнұрандары «Ханшайымды әрқашан Алла қорғасын» деп басталады. Яғни, осы тұрғыдан біз Елбасымызды тұлға ретінде де құрметтеуді, оның мәртебесін құрметтеуді құндылық ретінде қарауымыз керек. Былай қарап тұрсаңыз, ол дегеніміз идеологияның, ұлттық идеологияның, мемлекеттік идеологияның бөлігі»,-дейді сұхбаттасушымыз. «Кез келген ең дамыған елдердің өзін алып қарасақ, оны ұстап тұрған, ұйытқысы болып отырған тұлға болады. Оңтүстік Африка Республикасының тарихын Нельсон Манделадан бөліп қарай алмайсыз. Сондықтан, біз Елбасымызды мемлекеттік идеологиямыздың бір бөлігі деп қарауымыз керек. Ал оны арандатып, дұрыс емес деп жүргендер олар жалпы мемлекетке қарсы адамдар. Олар ұлттық мүддеге қарсы адамдар деп санаймын. Мемлекет басшысының тарихи рөлін ешкім жоққа шығара алмайды. Ол тарихта қалған тұлға. Осы тұрғыдан, өте маңызды бір мереке. Осы мерекені де мемлекеттік идеологияның бір бөлігі деп санауымыз керек»,-дейді С.Нұрбек.
Кенжекей ТОҚТАМҰРАТ
BNews.kz