Азат Перуашев зейнеткерлік қорлар қаржысын басқаруды Үкіметке тапсыруды ұсынды
2014 ж. 27 қараша
1563
1
Бірыңғай жинақтаушы зейнеткерлік қорда қордаланған қыруар қаржыны Үкімет құзырына беру керек. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Азат Перуашев Премьер-министр мен Ұлттық банк төрағасы атына осындай ұсыныс жолдады.
Сауалына отызға жуық депутат қолдау білдірген. Мәжіліс мүшесінің айтуынша, аталмыш қордағы миллиондаған салымшының ақшасын экономиканың нақты саласына инвестиция түрінде бағыттаған тиімді. Бірыңғай жинақтаушы зейнеткерлік қорда 20 млрд доллардан астам қаржы жиналған.
Ал бұл ақшаның жалпы ұлттық маңызы бар. Сондықтан оған ерекше көңіл бөліп, қорғауға алу керек. Және әр тиынының тағдыры ашық болып, халық алдында есебі болуы тиіс.
Сонымен қатар Перуашевтың айьтуынша, бұқара жинақтаушы зейнетақы қорына аударылып жатқан қаржысының қайда кетіп жатқанын білуге құқылы. Ал экономиканың ұзақ мерзімді инвестицияға мұқтаж екенін ескерсек, аталмыш қаражат қазіргі ахуалды жақсартуға таптырмас құрал екенін де атап өтті.
"Ұлттық банк бірыңғай жинақтаушы зейнеткерлік қорда жатқан ақшаны тиісті деңгейде қорғап отырған жоқ. Және ашықтықпен де қамтамасыз ете алмай отыр. Қырауар қаржы тиісті мақсатта жұмсалмай жатыр. Және теңгенің құнсыздануы мен тиімсіз инвестициялық саясат қор активтерінің құнсыздануына әкелді", - дейді Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Ақ жол" фракциясының жетекшісі Азат Перуашев.
Сонымен бірге депутат, қазір экономика ұзақ, әрі арзан инвестицияға мұқтаж екенін, әлемнің үздік зейнеткерлік жинақтаушы қорлары осы бағытта жұмыс істеп келетінін айтты. Сондықтан қорда жиналған қаржыны экономиканы әртараптандыру және индустрияландыру бағыттарына жұмсау үшін Үкіметтің құзырына өткізген дұрыс екенін де жеткізді.