Бауыржан Байбек Үсеновті қатаң жазалауға шақырды
2014 ж. 25 қараша
2713
1
"Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мақсат Үсеновтің әрекетін барша қазақстандықты және заңды сыйламаудың шектен шыққан фактісі деп санайтынын жеткізді.
"Нұр Отан" партиясы уәкілетті органдар алдына Мақсат Үсеновке қатысты қылмыстық жауапкершілікке тартуға дейінгі қатаң шара қолдану жөнінде мәселе қойып отыр.
"Кез келген азамат мәртебесі мен дәрежесіне қарамастан, Қазақстан заңдарын сақтауға және оны бұзғаны үшін қарастырылатын жауапқа тартылуы тиіс. Бұл - мемлекет пен азаматтардың арасындағы өзара сенімнің негізі. Бірінші кезекте, бұл - Конституция қағидаларының әділдігі мен бұлжымастығына сенім", – деді Бауыржан Байбек.
Жекелеген тұлғалардың мұндай шектен шыққан әрекеттері әр азаматқа қауіп төндіреді.
"Мақсат Үсеновтің әрекетін барша қазақстандықты және заңды сыйламаудың шектен шыққан фактісі деп санаймын. Сондықтан, бұндай құқық бұзушылық үшін жазаны қатаңдату қажет деп санаймын. Біз бірлескен түрде мұндай жағдайдың жолын кесіп отыруымыз керек", – деп атап өтті Бауыржан Байбек.
Естеріңізе сала кетсек, өткен жылы 1 желтоқсан күні BMW X6 автокөлігінің тізгінінде болған 24 жастағы Мақсат Үсенов "Целинный" кинотеатрының маңындағы жаяу жүргінші жолынан 6 адамды қағып кеткен болатын. Кейін ол 2014 жылдың 23 қаңтарында Алматы аудандық сотының шешімімен қамаудан босатылған.
Жақында ол тағы да жол ережесін бұзып, 20 тәулікке қамауға алынды.