Қазақстан мен Ресей "Протон" ұшырылымдарын біртіндеп азайтуға келісті
2014 ж. 25 қараша
2712
1
Ресей Үкіметі Байқоңырға төгілген гептил үшін өтемақы төлеуге әзір. 2013 жылы 2 шілдеде Байқоңыр кешеніне "Протон-М" зымыран-тасығышының құлауынан қоршаған ортаға келген зардаптар үшін ресейлік тарап Қазақстан үкіметінің 2007 жылғы бекітілген ережелері негізінде өтемақы төлемек.
Бұл туралы Астана арнасы хабарлайды.
Дегенмен, өтемақы сомасы нақты емес. Жыл бұрын Қазақстан апаттан табиғатқа келген шығынды 13 млрд теңгеге бағалаған. Бүгін Байқонырда биылдыққа екінші рет өткізілген үкіметаралық комиссия жиынындағы басты нәтижелердің бірі осы өтемақы туралы келісім болды.
Үкіметаралық комиссияларды Қазақстан және Ресей вице-премьерлері Бақытжан Сағынтаев пен Дмитрий Рогозин басқарып келді. Қазақстандық комиссия жетекшісінің айтуынша, Ресей тарапы "Протон" апатынан кейін қоршаған ортаға келген шығын үшін өтемақыны қазақстандық экологтардың есебі бойынша төлеуге сөз берген.
Сондай-ақ, екі тарап "Байқоңыр" ғарыш айлағынан "Протон" зымыран-тасығышының ұшырылымдарын азайту жөнінде келісімге қол қойды.
"Желтоқсан айынын соңына дейін осы экологияға байланысты, осы Байқоңырдың территориясында біздің Қазақстанның Экологиялық кодексінің жұмыс жасауына мүмкіндік беретін шешімге, келісімге келдік. Ол да желтоқсан айының соңына дейін қол қойылатын болады", - деді премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев.
Сондай-ақ, осы төңіректегі Төретам, Ақай және Байқоңыр қаласының әлеуметтік кешенінің дамытуға байланысты қабылданатын шешімдерге келісімдер жасалды.
Тағы бір ерекше атап өтер жаңалық - ол Байқоңырдағы қазақ тілде оқытылып жатқан мектептерді қазақстандық оқу стандарттарына көшіру мәселесі оң шешім тапты. Осы уақытқа дейін Байқоңырдағы қазақстандық оқушылар Ресей білім бағдарламасымен оқып келеді. Яғни қазақ тіліне аударылған ресейлік оқулықтармен білім алуға мәжбүр болды.
Ал мектеп түлектеріне ресейлік үлгідегі аттестаттар табысталады. 2015 жылдың қыркүйегінен бастап Байқонырдағы алты мектеп қазақстандық оқу стандарттарына көшеді. Нақтыланған құжатқа екі елдің президенттері желтоқсанда өтетін кездесулерінде қол қояды деп күтулуде.
Бақытжан Сағынтаев жетінші желтоқсанға дейін Байқоңыр қаласында жергілікті әкімшілікпен және облыстық әкімшілікпен бірлесе отырып, Ресей Федерациясы тарапынан қажетті мемлекеттік органдарының басшылары, біздегі министрліктер басшылары кездесіп, жобаларын жасап бітіретінін, содан соң 10 желтоқсанда Мәскеуде кездесетінін айтты.
Байқоңыр территориясында біздің Қазақстан Экологиялық кодексінің жұмыс жасауына мүмкіндік беретін шешімге келдік.
"Сол жерде шешімдерімізді нақтылап, бекітіп, келесі 23 желтоқсанда болатын екі ел басшыларының кездесуінде осы шешімдерімізді бекітуге алып кіруіміз керек. Бұл да үлкен жетістік", - дейді премьер-министрдің бірінші орынбасары.
Екі жақ осы қаладағы қазақстандықтар үшін тағы бір маңызды әлеуметтік сала - медициналық қызмет көрсету мәселесінде де бәтуаласты. Қазақстанның республикалық бюджетінің қаражатына 2010 жылы салынған перзентхана көп салалы аурухана болып өзгертіледі. Айта кетейік, Байқоңырдағы 70 мыңға жуық тұрғындардың 65 пайызы – қазақстандықтар.