Серік Ахметовтың Астанадағы хан сарайындай зәулім коттеджі
2014 ж. 20 қараша
3320
37
Экс-премьер Серік Ахметовтың екі айға қамауға алынғаны белгілі болды. Министрлер кабинетінің бұрынғы басшысы аса ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырды деп айыпталып жатыр. Бірақ, денсаулығының күрт нашарлауына байланысты Ахметов изоляторға емес, ұйқамаққа алыныпты.
Елімізде жемқорлыққа қарсы жаңаша күрес ірі мемлекеттік тұлғаның ұсталуымен басталды. Дүйсенбі күні Бас прокурормен Ақордаға кіріп шыққан, Қайрат Қожамжаровтың ведомствасы экс-премьер, бір ай бұрын өз еркімен отставкаға кеткен Қорғаныс министріне Қарағандыдағы былыққа қатысты айып тақты.
КТК арнасы Серік Ахметовтың Астанадағы зәулім коттеджін көрсетіп, экс-премьер үй қамақта осы үйінде отыруы мүмкін деп хабарлады. Алайда, жақындау мүмкін болған жоқ. Әрі қарай күзет жібермеді.
"Бұл жерден терезесі тұмашаланған көліктер өтеді. Біз тек жүргізушісін ғана көреміз", - дейді тілші.
Десек те, Серік Ахметов, қазір Қарағандының орталық саябағындағы мына коттеджіне жеткізілген деген ақпарат бар. Хан сарайындай үйді осы облысты басқарған кезінде салдырған екен. Есік алдында джипке мінген тергеушілерді байқауға болады. Бір анығы, Ахметов Қарағандыдағы атышулы жемқорлық ісі бойынша, қамауға алынған.
Экс-премьердің 3 жыл бұрын Қарағанды облысын басқарған кездегі былығы шықса керек. Оның бірі, Серік Ахметовтың бастамасымен жүзеге асқан "Сарыарқа" арнайы экономикалық аймағын құру жобасы.
Мәліметтерге сүйенсек, оған бюджеттен ондаған миллиард теңге бөлінгенімен, қазына қаржысы әкімдікпен байланысты компаниялардың есепшотына аударылған. Оның үстіне екі ай бұрын өндірісті өңірдің бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев, жеке фирмаларға мемлекеттің меншігендегі жерді тегін үлестіріп бергені үшін қазір қамауда отыр.
Дерек көздерінің хабарлауынша, дәл осы Әбдішев, Серік Ахметовтың туысқандарына тиесілі компанияларға тендерді ұтып беріп, бюджеттің миллиардтарын қалтаға басыпты. Бұдан бөлек, Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Смағұлов пен мемлекет ақшасын талан-таражға салды деген айыппен ондаған шенеунік тергеліп жатыр. Осы былықты қазбалағанда, таяқтың ұшы экс-премьерге жетсе керек.
Ал экс-премьердің қамауға алынуы Есілдің сол жағалауын дүр сілкіндірді. Мәжіліске келген Ахметовтың бұрынғы бағыныштылары ол туралы ештеңе айтқысы келмеді. Министрлер "түк білмейміз" деп барлығы тұра қашты.
Есесіне депутаттар белсенді. Батырып айтпаса да, абдырап қалған жоқ.
"Кінәсіздік деген бар. Біз оған сенуіміз керек. Іске тек сот қана нүкте қояды", - дейді мәжілісмен Азат Перуашев.
Оның әріптесі Тұрсынбек Өмірзақов: "Жемқорлықпен күрес күшейтіліп жатыр ғой. Сондықтан ешқандай қызметке қарамайды. Мейлі, министр, әкім болсын. Жемқорлық соңы түрме", - деген ой айтты.
Осылайша 56 жастағы Серік Ахметов, шетелге қашқан Әкежан Қажыгелдинен кейін шатылып отырған екінші Үкімет басшысы. Бірақ Министрлер кабинетін басқарған кезде де ешқашан зілді мәлімдеме жасаған емес. Көлеңкеде жүргенді ұнататын.
Осылайша,Қазақстан тарихындағы 8-ші премьер-министрдің саяси карьерасына қара дақ түсті. Қазір Серік Ахметов пен оның Қарағандыдағы бұрынғы бағынышталарының атышулы материалдарымен, "Қорғастағы" былықты әшкерелеген тергеушілер айналысып жатыр екен.
Ал жемқорлыққа қарсы күресті, ірі шортандарды тұтқындаумен бастаған Қайрат Қожамжаровтың агенттігі соңына дейін баратынын ескерсек, бұл Бергей Рысқалиевтың ісінен кем болмайын деп тұр.