Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықтың алты себебі анықталды
2014 ж. 18 қараша
4407
3
Қазақстандықтар сыбайлас жемқорлықтың 6 себебін атады. Бұл туралы қазақстандықтар арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнама қорытындысын жариялаған "Қоғамдық пікір" зерттеу институтының басшысы Ботагөз Рақышева мәлім етті.
"Қазақстандықтар сыбайлас жемқорлықтың негізгі 6 себебін атады. Олар: шенеуніктердің әрекеттеріне, табыстарына және шығындарына қатаң бақылаудың жеткіліксіздігі, сот жүйесінің жетілмегендігі, бюджеттік саладағы жұмысшылар жалақысының төмендігі, сыбайлас жемқорлық фактілері үшін жазалардың дұрыс еместігі, жетілмеген экономика мен қоғамдық бақылаудың жоқтысы, сондай-ақ ұлттық дәстүрлер мен менталитет", - деді ол.
Б.Рақышеваның айтуынша, сауалнамаға қатысқан респонденттер жемқорлық деңгейін төмендету үшін онымен күрестегі құқық қорғау органдары қызметінің тиімділігін арттыру қажет деп санайтындықтарын білдірген.
Сонымен қатар сауалнамаға қатысқан азаматтар жемқорлықпен күрес заңнамасын қатаңдату оның өршуіне тосқауыл болатындығына сенімді.
"Респонденттер бюджеттік қаржының үлестірілуі мен жұмсалуының қатаң бақылануы да жемқорлық деңгейінің төмендеуіне септігін тигізеді деп есептейді. Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру жемқорлыққа тосқауыл қоятындығына сенімді азаматтардың да қатары мол", - деді институт директоры.
Айта кетейік, "Қоғамдық пікір" орталығы "Нұр Отан" партиясының Қоғамдық саясат институтымен бірлесіп, қазақстандықтар арасында құқық бұзушылықтарға "нөлдік төзімділік" тақырыбында әлеуметтік сауалнама жүргізген. Оған еліміздің барлық облыстары мен Астана және Алматы қалаларының 18-ден асқан 1600 азаматы қатысқан.