Елімізде бизнеске кедергі болған 30-ға тарта шенеуніктің аты-жөні жарияланады
2014 ж. 14 қараша
1966
1
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнеске кедергі келтірген 30-ға тарта шенеуніктердің аты-жөнін тиісті мемлекеттік органдардың тексерісінен кейін жариялайтын болады. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов осылай мәлім етті.
Тоқтала кететін жайт, бұған дейін де Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнеске кедергі келтіріп жатқан шенеуніктерге сын айтып, кәсіпкерлікке кесірін тигізіп отырған тағы бірқатар лауазымды тұлғалардың есімдерін жариялау уәде етілген еді. Осыған орай, брифинг барысында қойылған сауалға Абылай Мырзахметов мырза жауап берген болатын.
"Біз осы қарқынымыздан еш тайынбаймыз. Кәсіпкерлердің мүддесін қорғау кеңесі нақты жұмыс жасайды, келесі аптада Таразда отырыс өтеді. Жылдың аяғына дейін барлық облыстарда осындай кеңестер өтіп, оларда кәсіпкерлерді толғандыратын мәселелердің бәрі көтеріледі, нақты кедергі жасап отырған шенеуніктердің аты-жөні де жасала береді. Алматы облысында өткен отырыста да 4-5 мекеме басшысының аты аталып, облыстық прокуратура біздің арызымыз бойынша тексерулер жүргізіп жатыр", - дейді Мырзахметов.
Сонымен қатар, ҰКП басқарма төрағасы кәсіпкерлікке кедергі келтіріп отырған 30-ға тарта шенеуніктің аты-жөні бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, палата әзірше ондай тұлғалардың аттарын БАҚ-та жариялай алмайды.
"Өйткені, ол азаматтардың да құқығы бар, соттың шешімі, лауазымды органдардың тексерісі шықпастан олардың атын атап, түсін түстеу жарамайды. Дегенмен, біз мемлекеттік қызмет істерімен айналысатын жаңадан құрылған агенттікке де, прокуратураға да ол шенеуніктерлің аты-жөнін ұсындық. Осы бағыттағы тексерістерден кейін біз оларды жариялай аламыз", - деді Мырзахметов.