Прокурорлар Ұлттық қорды министрлер мен әкімдерден қорғамақ
2014 ж. 13 қараша
1865
0
Бас прокуратура Ұлттық қордан бөлінетін қаржының ұстағанның қолында кетпеуін бақылайды. Атқамінерлерге сес көрсеткен, Бас прокурор Асхат Дауылбаев, соңғы 3 жылда 400 қылмыстық іс қозғалып, үш мыңнан астам жемқор шенеуніктің түрмеге жабылғанын мәлімдеді.
Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.
Осылайша, қазына қаржысына көз тіккендердің жағдайы қиын болатынын ескертті. Сондықтан Дауылбаев қарамағындағыларға Ұлттық қордан бөлінген қыруар қаржыны шенеуніктердің талан-таражға салып, жымқырып кетпеуін қадағалауға қатаң тапсырма берді.
Прокурорлардың бұлайша алаңдауына себеп бар. Өйткені, алдағы үш жылда бюджетке Ұлттық қордан 500 миллиард теңге бөлінбек.
Еске сала кетейік, Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке ұлттық қордан бөлінетін әрбір тиынның тиімді жұмсалуын қатаң бақылауды тапсырды.
"Дәл қазір Ұлттық қор қаражатын қажетке жарататын кез келді. Алдағы үш жылда жыл сайын Ұлттық қордан 3 млрд. доллар бөлініп тұрады. Ұлттық қордан бөлінетін қаражаттың тиімділігін "Нұр Отан" партиясының партиялық бақылау комитеті де қатаң бақылауда ұстауы керек. Үкімет Қордан бөлінетін қаражаттың тиісті бағытта бойынша тиімді және орынды жұмсалуын қамтамасыз етуін жүктеймін. Әрбір тиынның қатаң сұрауы болады", - деді президент.