Талғат Бигелдинов дүниеден өтті
2014 ж. 10 қараша
3753
4
Алматыда 93 жасқа қараған шағында даңқты ұшқыш, авиация генерал-майоры, Кеңес Одағының екі мәрте батыры, Талғат Жақыпбекұлы Бигелдинов өмірден өтті, - деп хабарлайдыTengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласы ішкі саясат басқармасының мамандары хабарлады.
Бигелдинов 10 қарашаға қараған түні қайтыс болды. Қазір әкімдік оның жаназасы мен жерлеу рәсімін өткізу мәселесін шешіп жатыр.
Талғат Бигелдинов 1922 жылы 5 тамызда Ақмола облысында дүниеге келді. Оның балалық-жастық шағы Бішкекте өтті. 16 жасында аэроклубқа оқуға түседі. 1943 жылдың қаңтарында Калинин майданына алынады, оған 296-дивизияның 800-ші шабуылдаушы авиациялық полкының Ил-2 шабуылдағыш ұшағының тізгіні беріледі. 1944 жылдың қазан айында Знаменка және Кировоград қалаларын жаудан азат етуде ерлік пен әскери шеберлік көрсеткені үшін және жаудың төрт ұшағын атып түсіргені үшін аға лейтенант Бигелдинов Кеңес Одағының Батыры атағы атанды. Осы уақытқа дейін ол әуеде 200-ге жуық әскери тапсырманы орындаған болатын. Даңқты ұшқыш Берлинді азат ету үшін болған ұрысқа да қатысты. 1945 жылдың 27 маусымында оған Кеңес Одағының Батыры атағы екінші рет берілді.
Талғат Бигелдинов барлығы 305 әскери ұшуды іске асырды. 2012 жылы авиация маршалы Александр Ефимов өмірден өткеннен кейін ол Кеңес Одағының Батыры атағын екі мәрте алғандардың арасында Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерлігі үшін "Алтын Жұлдызды" иеленген көзі тірі жалғыз адам болған еді.
kaz.tengrinews.kz