Қоянды халқы Кулагиннен қорлық көрдік деп отыр
2014 ж. 31 қазан
2961
3
Астанадан 17 шақырым жердегі Қоянды ауылы тұрғындарының 80 пайызы Моңғолия мен Қытайдан көшіп келген ағайын. Атамекенге қоныс аударғанына 10 жылдан асса да, ұлтарақтай жерге зар болып жүрген олардан Ақмола облысына Сергей Кулагин әкім болып келгелі маза кетті.
Бұл туралы 31 арна хабарлайды.
Аудан, ауыл басшылары түгелдей ауысып, су жаңа әкімдер жұмыстарын алыстан келген бауырлардың баспаналарын сүрумен бастады.
"Күннің ішінде өз еріктеріңмен бұзыңдар, әйтпесе сүреміз деді. Ешқандай печать жоқ, қайдан келгені белгісіз", - дейді Қоянды ауылының тұрғыны Гүлісхан Домалайқызы.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, аудан әкімінің орынбасары оралмандарды "моңғолдар, қытайлар" деп атаған.
Басшылық қандастарға заңсыз жерге тұрып жатқанын айтқан. Өйткені, Қояндыда тұратын 500 түтін үйдің қолында заңды құжаты, яғни мемлекеттік актісі жоқ.
Бірақ, басқа қоныс таппаған ағайын сол заңсыз жерге баспана тұрғызып, малын бағып, күнін көріп жүрген еді.
Ал азаматтығының өзін құзырлыларды аралап жүріп әрең алатын оралмандардың жерін 10 жыл ішінде 7 рет ауысқан Қояндының бірде бір әкімі заңдастырып бермеген.
Бір әкім келеді, ол әкімнің қолынан алып келесі әкім келіп берген жерін теріске шығарады. Қояндыға келген су жаңа әкім Алтынай халықтың құжаты түгілі өздерімен таныспастан баспана бұзуға бел шеше кірісіп, 2 күнде 16 шаңырақ трактордың табанының астында қалды.
"Үйіміз үйіндіге айнала ма?" деп үрейленген халық бірден әкімдік алдына жиналды. Ал жөн сұраған жұртпен аудан әкімінің кеңесшісі тілдеспек түгілі, тура Қоянды әкімі ғимаратының алдында тұрғындарды көлігімен қағып өте жаздады.
Жұртты таптай жаздаған Қайрат Ахметов халыққа тек әкім кеңесшісі ретінде емес, "Нұр Отанның" мүшесі, қазіргі асаба ретінде таныс екен. Оралмандар "шенеунік облыс әкімі Кулагиннің ауызша тапсырмасын орындап жүр" - деп шулады.
"Бізге осы қысылтаяң Кулагин келгелі басталды, күретпейміз біз", - дейді Қоянды тұрғыны Қасым Қайрат.
Тағы бір тұрғын Гүлісхан Домалайқыды атажұртқа келгенде осындай заңсыздыққа ұшырағаны үшін налиды.
"Бізді мына жерде қудалап жатқаны, шетелдегі қазақтың бетін қайтарып дүрліктіру ме, қандай теріс саясаттың барын түсіне алмай кеттік", - дейді ол.
Яғни, Кулагиннің қандай саясатпен елді қан қақсатып жатқанын ешкім түсінбеді. Кулагин Қостанай облысын басқарған тұста Құдайға жақын адам сияқты болып, шіркеуге суреті салынған әулие ретінде елдің есінде қалып еді.
Бізге осы қысылтаяң Кулагин келгелі басталды
Мен өзім бұл суретті алғызып тастаймын деп сол кезде уәде берген Кулагин оралмандардың көз жасын қалай құрғатады, бұл жолы қалай ақталар екен?
Алайда, облыс әкімі шеттен келген ағайын қанша аттандаса да, тырп еткен жоқ, әлі үнсіз. Тіпті, Астанаға ақталуға да келмеді. Тек өзінің орынбасарын, Ішкі істер басқармасы басшысын, Целиноград ауданы әкімі мен тіпті халықты таптап өтпек болған Қайрат Ахметовті жіберіпті.
Халықты баса көктей жаздап кеткен шенді Ахметов Астанаға келгенде демде облыс әкімі орынбасарын айналшықтап, өзі өте жуас болып шыға келді.
Басшылар, Қояндыдағы оралмандардың 24 гектар жерді заңсыз басып алғанын батыра айтты.
Дүниежүзі бойынша жер көлемінен тоғызыншы орында тұратын Қазақстанда қандастарымызға берілетін телім жоқ, салынған баспаналар түгелдей сүріледі деді.
Ұрланған капиталға рақымшылық жасап заңдастыратын билік, ұлтарақтай жерге қайырым етпеді."Аспаннан шоқпар түссе, әуелі сорлыға тиеді" деген осы шығар.
Депуаттар да оралмандардың жанайқайын айтып Үкіметке сауал, Кулагинге сәлем жолдамады. Ал Қояндыда өзін Кулагиннің өкілімін деп таныстырған Аягоз Шнейдер деген әйелге алданған ағайын бас көтере бастады.
Облыс әкімінің атын жамылған әккі әйелге 150 мың долларын санап берген оралмандар заңсыз баспаналар тұрғыза бастады.
"Кулагиннің әйелінің маған берген сенімхаты деді. Осы жерді сатуға, 15 гектар жерге. 06:57:03 оралмандарға арналған тек қана оралман куәлігі барларға дегеннен кейін бәріміз жапатармағай алдық. Алайда, аңқау ағайынды бір жыл бойы алдаған әйел қазір абақтыда отыр",- дейді Айгүл Көкенай.
Не алған жері жоқ, жиған тергені алаяқтың қолында кеткен 80 отбасы телімдерді басып алуды бастады. Тіпті, бір баспананы жұмыла кіріскен жігіттер бас аяғы жарты сағаттың ішінде тұрғызып алды.
Расымен де, Таңатқан Көкенай есімді тұрғын үш күн ішінде шағын баспанасының төбесін жауып, бала-шағасымен жаңа үйге көшіп келіп, кіріп алды. Екі баласымен бірге аядай бөлмені паналап отырған отбасы арқаның сақылдаған сары аязынан емес, бір күнде күреп тастайтын биліктен ғана қорқып отыр.
Атамекенімізде, өз шаңырағымызда тұрсақ соған разымыз деген ағайын Астананың іргесіндегі ауылда тұрса да, өркениетті аңсап отырған жоқ.
Отын-суын түсіріп, жарығы мен суын өзі тартып алуға да әзір. Тек Кулагиннің бұйрығын бұлжытпай орындайтын жергілікті әкімдік осы ұлтарақтай жерді шеттен келген ағайынға заңдастырып беруін ғана тілейді.