Шекара қызметінің басшысы Нұрлан Жоламанов бұған дейін де істі болған
2014 ж. 30 қазан
2448
1
"Қызмет бабын асыра пайдаланды" деген айыппен тұтқындалған генерал Нұрлан Жоламановтың ісі бойынша жаңа дерек жарияланып жатыр. Шекара қызметінің директоры биылғы сәуірде жауапқа тартылып, ақталған екен.
"Ол "жала жабу" фактісі бойынша сотқа тартылған", - деп жазады "ҚазТаг". Көктемде қылмыстық істің қозғалуына генерал-лейтенант Жоламанов пен шекара қызметінің бас басқарма басшысы Серік Бекжановтың "Мерке" шекара бақылауының 20/30 әскери бөлімше басшысы Бауыржан Исинге "қызмет бабын асыра пайдаланды" деп берген мінездемесі негіз болыпты.
Аталмыш қызметтік мінездеме 2013 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің орталық аттестациялық комиссиясы алдында оқылып, әскери бөлімше басшысы Исин әскери шені мен қызметінде төмендетіліпті. Ол қызметін пайдаланып, шекара бақылау жасақ басшыларынан ақша талап еткен көрінеді. Алайда іс тергеле келе, әскери бөлімше басшысы Исинге қатысты қылмыстық іс қозғалмайды.
Есесіне, қызметінен қуылған әскери бөлімше басшысы, Жоламанов пен Бекжановты "жала жапты" деп сотқа береді. Бірақ Ақмола гарнизонының әскери соты Жоламановтың іс-әрекетінен де қылмыс негізі анықталмаған соң, ақтаған.
Енді "қызметін асыра пайдаланды" деген айыппен қол астындағы қызметкерін қудалаған Нұрлан Жоламановтың өзіне де дәл осындай кінә тағылды.
Еске салайық, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметінің таратқан ақпаратына сүйенсек, Жоламановқа қатысты қылмыстық іс "лауазымды тұлғалар тарапынан қызмет бабын асыра пайдалану" фактілері бойынша жүргізген тексеріс барысында қозғалған. Қазір тергеу шаралары жүріп жатыр. Іс Бас әскери прокуратураның бақылауында.