Тасмағамбетовті қорғаныс саласында не күтіп тұр?
2014 ж. 24 қазан
2550
2
Биліктегі ауыс-түйіс халық арасында қызу талқыланды. Еліміздегі белгілі саясаттанушылар соңғы жылдары Алматы мен Астана қаласында әкім болған Иманғали Тасмағамбетовті қорғаныс саласында не күтіп тұрғанына тоқталды.
Бұл туралы "Алаш айнасы" басылымы хабарлайды.
"Мен жалпы өз басым Иманғалиды сүйкімді саясаткер ретінде бағалаймын. Оны бұқара жақсы басшы, шебер ұйымдастырушы ретінде таниды. Ол қай жерге барса да өзінің ұқыптылығы мен іскерлігінің арқасында көзге түседі. Қазір Украинадағы жағдай шиеленісіп кетті. Әскери саладағы былық-шылық та аз емес", - дейді саясаттанушы Әзімбай Ғали.
Ол әскери сферада басқа сфераға қарағанда ұрлық жасау, жемқорлыққа ауыз былғау өте оңай екенін айтады. Сондықтан да, бұл бағытта қазір жағдай тым ушығып кеткен.
"Жалпы, қай ел болмасын күшпен, күштімен санасады. Иманғали әскери қуатты қалпына келтіру, күшін арттыру мәселесін қолға алады деп ойлаймын. Бір қызығы, ол бұған дейін бұл салада қызмет еткен жоқ. Президенттің өзі осы салада Иманғали Тасмағанбетовтің қарымын байқап көрмек болған сияқты. Бұл Тасмағанбетовке қызметтік карьерасына өте маңызды баспалдақ деп ойлаймын. Сол үшін де бұл бағытта Иманғали абыройын сақтап қалуы тиіс. Тың реформалар жасауы керек", - дейді саясаттанушы.
"Ақ жол" партиясының төраға кеңесшісі, саясаттанушы Мақсат Жақау елдің ішкі саясатындағы ауыс-түйістер ішкі факторлардан гөрі сыртқы векторлық ықпалдардың ықпалынан болып жатқанына тоқталады.
Менің ойымда Иманғали жақсы басшы, іскер азамат ретінде қалыптасқан. Бірақ Қорғаныс саласын басқарудың қалай боларын болжай алмаймын
"Ресейдегі ахуал, Украинадағы ұлтаралық мәселенің қарулы қақтығыстарға ұласуы, әлем саяси күштерінің бір-бірлеріне салған санкциялары талай елді састырып тастады. Саяси ахуалдар осылай ушығып тұра берсе, Еуразиялық Экономикалық Қауымдастыққа кіретіндіктен бізге де оңай болмайды. Мұндай сәтте Ұлттық қауіпсіздік мәселесіне баса назар аударуға тиіспіз", - дейді ол.
Ал танымал саясаттанушы Дос Көшім болса, мұндай ауыс-түйістерге көңіл бөлмейтінін айтқан.
"Жалпы, мұндай ауыс-түйіс мәселесіне мән бермеймін. Себебі, соңғы бірнеше жылдан бері билікке су жаңа кадрлар келген емес. Жоғарғы билікте кадр саласында тоқырау бар секілді көрінеді. Менің ойымда Иманғали жақсы басшы, іскер азамат ретінде қалыптасқан. Бірақ, Қорғаныс саласын басқарудың қалай боларын болжай алмаймын. Бұл – менің жеке пікірім. Мен білім, денсаулық және қорғаныс салаларын осы саланың мамандары басқарғаны жөн деп білемін", - дейді Дос Көшім.