Назарбаев кедей халықтың үлесі 10 есе қысқарғанын ел жетістігі деп атады
2014 ж. 24 қазан
2854
42
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев табысы күнкөріс шегінен төмен халықтың үлесі 3 пайыздан төмен көрсеткішке дейін қысқарғанын жеткізді.
Бұл туралы ол Дүниежүзілік банк тобының басқарушы директоры және операциялық мәселелер жөніндегі директоры Шри Мульяни Индраватиді қабылдау кезінде мәлімдеді.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасы мен Дүниежүзілік банк тобы арасындағы, соның ішінде 2014 жылы мамырда қол қойылған Серіктестік туралы негіздемелік жаңа келісім аясындағы ынтымақтастықты күшейту мәселелері талқыланды", - делінген бейсенбіде Ақорда сайтындағы хабарда. Сонымен қатар, тараптар Қазақстан мен әлемдік қоғамдастықтың алдында тұрған түрлі экономикалық сын-қатерлерді қарастырды. Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзілік банк Қазақстанның стратегиялық серіктесі екенін, онымен біздің еліміз тәуелсіздік алған кезеңнен бері ынтымақтасып келе жатқанын айтты. "Сіздің банктің бағалауы бойынша, Қазақстанда бір кездері 35 пайыз болған, табысы күнкөріс шегінен төмен халықтың үлесі 3 пайыздан төмен көрсеткішке дейін қысқарды. Біз мұны үлкен жетістік санаймыз", - деп келтіреді баспасөз қызметі Назарбаевтың сөзін. Индравати өз кезегінде Қазақстанның өңірлік және жаһандық ықпалдастық саласындағы ілгерілеуін атай отырып, біздің еліміз су және энергетика ресурстарын пайдалануды өңірлік реттеу мәселесінде маңызды рөл атқаратын болады деп үміттенетінін жеткізді.
Қазақстан Дүниежүзілік банк тобына 1992 жылы қосылды. Сол уақыттан бастап, 41 жобаны жүзеге асыру үшін жалпы мөлшері 6,8 миллиард доллар ұсынған Дүниежүзілік банк еліміздің даму мәселелері жөніндегі ірі серіктесіне айналды.