Тұрғындарды көлігімен баса жаздаған ақмолалық шенеуніктің әрекеті заңды деп аталды
2014 ж. 20 қазан
1908
6
Кулагинның орынбасары бастаған Ақмола облысының басшылары Астанаға келіп, Қояндыдағы оралмандардың жер дауына қатысты алғаш рет түсінік берді. Шенеуніктер халықты көлігімен қағып, мерт қыла жаздаған Целиноград ауданы әкімінің кеңесшісін қызғыштай қорып отыр.
Ал 10 жыл бойы жерін заңдастыра алмай шырылдаған оралман келіншекті бұзақылық жасады деп 10 тәулікке қамап тастаған деп хабарлайды 31 арна.
Оралмандар жер дауымен Қоянды әкімдігіне басып кіргенде жағдайды түсіндірмек түгілі біреуі төбе көрсетпеген шенділер Астанаға ақталуға Сергей Кулагиннен басқасы түгелдей келді.
Облыс әкімінің орынбасарынан бастап, Целинорад ауданы әкімі, ішкі істер басқармасының басшылары, тіпті жұртты көлігімен таптап кете жаздаған шенді Қайрат Ахметов те жүр.
Шенділер шулап жүрген ағайынның тірлігі заңсыз екенін баса айтты. Яғни, үйіміз сүрілді деп дүрлігіп жүрген оралмандар 24 гектарға жуық телімді заңсыз басып алған деді. Сондықтан сот шешімімен барлық баспаналар сүрілетін болды.
"Үкіметтің жері. Ал үкіметтің жеріне кіргенде қалай қусырып отыру керек, фундамент салып қойған", - дейді Ақмола облысы әкімінің орынбасары Қадырхан Отаров.
Есесіне лауазымды шенеуніктер Қоянды әкімдігінен жөн сұрап келген ағайынды көлігімен қағып кете жаздаған әкім кеңесшісі Қайрат Ахметовтің әрекетін заңды дейді.
Айтуларынша, шенді мемлекеттік қызметкер этикасы түгілі, жол ережесін де бұзбапты. Керісінше, жағаны ұстатар жайтқа көліктің астына түспек болған халықтың өздері кінәлі екен.
Әкім кеңесшісі масқара қылығына ұялмақ түгілі, көлігіммен жүруге бөгет жасаған жұрттың өзін жауапқа тарту керек деп есептейді.
"Ақылды адам тұрмайды жолға. Мен жол ережесін бұзған жоқпын. Оларды жауапқа тарту керек", - дейді Целиноград ауданы әкімінің кеңесшісі Қайрат Ахметов.
Әкімдер расымен этиканы аяққа таптаған шенеунікті емес, үйлерін қорғап жүрген оралмандарды жауапқа тартуды бастап кетті. Моңғолиядан келген оралман келіншек Гүлісхан Домалайқызына бұзақылық жасады деген айып тағып, 10 тәулікке абақтыға қамады. Айтуларынша, ол тракторға тас лақтырып, терезе шағыпты.
Ақылды адам тұрмайды жолға. Мен жол ережесін бұзған жоқпын. Оларды жауапқа тарту керек
Еске сала кетейік, Ақмола облысы Целиноград ауданы әкімінің кеңесшісі Қайрат Ахметоворалмандарды қымбат көлігімен таптап кете жаздаған еді.
Ол оралмандарға "кезінде мен рэкет болғам, баспаналарыңды сүріп тастаймын" деп қоқан-лоқы көрсетіп жүрген көрінеді.