Павлодар облысының бұрынғы басшысы Ерлан Арын 11 қарашаға дейін қамауда қалады. Бұл ақпарды арна тілшілеріне облыстық соттың баспасөз хатшысы Рауан Бейілғожин телефон арқылы растады.
|
Ерлан Арын |
Экс-шенеуніктің қорғаушыларының айтуынша, тергеу изоляторындағы жағдайдың сын көтермеуінен, соңғы кезде Ерлан Арынның денсаулығы сыр бере бастаған.
Павлодар облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бөлім басшысы Борис Гаврилюк: "Тергеу изоляторында қамауға алынғандардың барлығына бірдей жағдай жасалған. Олардың тамақтануы, медициналық қызметі және ем-доммен қамтылуы да біркелкі. Ол жерде ерекше көңіл бөлу деген болмайды. Тергеліп жатқан бұл азамат та солардың қатарында", - дейді.
Облыстық прокуратура Ерлан Арын және атышулы қылмыстық іске қатысты тұлғалардың ісін мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы агенттікке қайта тергеуге қайтарған. Бұған "тергеудің жан-жақты, әрі толық жүргізілмегендігі" негіз болған.
Айта кетейік, бұрынғы әкімді үстіміздегі жылдың 4 наурызында қаржы полициясы қызметкерлері қамауға алды. Тергеу материалдары бойынша, облыс әкімдігі және "ENRC Kazakhstan"серіктестігі арасындағы меморандум негізінде Павлодарды абанттандыру үшін бөлінген 23 млн теңге демеуші қаржысы айыпкердің қалтасына түскен.
Сондай-ақ, ол мемлекеттік сатып алу байқауына қатысушы құрылыс фирмасы өкілдерінен пара алғаны үшін айыпталып отыр.
Источник:
Астана телеарнасы