Мәскеуде БТА банкі ісі бойынша Әблязовтің сыбайласы ұсталды

Мәскеуде БТА банкі ісі бойынша Әблязовтің сыбайласы ұсталды
Александр Поткин. Фото ©Сергей Михеев/"Коммерсантъ"

Кезінде Мұхтар Әблязов басқарған БТА банкі салымшылары қаражатын жымқыру туралы іс бойынша Мәскеуде белгілі националист, Заңсыз иммиграцияға қарсы қозғалыстың (ЗИҚҚ) бұрынғы жетекшісі Александр Поткин (Белов) ұсталды, - деп жазады "Коммерсантъ". Поткин 15 қазан күні "Интурист Коломенское" қонақүйінде қолға түсті. Нөмірді тексеру кезінде түрлі қаржы құжаттары мен әдебиеттер табылып, тәркіленді, полиция бұларды экстремистік материал деп отыр.

Тергеудің мәліметінше, Поткин Мәскеуде Мұхтар Әблязовтің мүддесін қорғаған. БТА банкінің бұрынғы басшысының тапсырмаларын орындай отырып, ЗИҚҚ-тің бұрынғы басшысы банктен алынған мүлікті, атап айтқанда, Домодедово ауданындағы 2,49 гектар жер телімін басқарып, заңдастырған.

Поткин Әблязовпен 2011 жылы танысқан, әуеліде ол БТА банкінің бұрынғы басшысына Қазақстанда ұлтшыл күштердің өсуімен байланысты ахуалға қатысты түрлі әлеуметтік зерттеу жүргізуге жалданған. Сонымен бірге, бұрынғы банкирдің тапсырмасымен Поткин Әблязов жергілікті билікке қарсы қолданған Қазақстандағы ұлтшылдық қозғалыс жетекшілерімен өзара байланыста жұмыс істеуі керек болады. Сондай-ақ ЗИҚҚ экс-жетекшісі Мұхтар Әблязов қаржыландырған оппозициялық телеарналарға жабдық сатып алып беруге және журналистерді іріктеуге қатысқан.

Ұсталған адам БТА банкінің бұрынғы қожайынының Ресейде орналасқан медиалық активтерімен бірге басқа да меншіктерін басқарған. Жедел қызметкерлердің мәліметінше, Поткиннің жұмысын Әблязовтің жақын серіктестері - оның күйеу баласы әрі Алматының бұрынғы әкімі Храпуновтың ұлы - Ілияс пен бір кездері БТА банкінде жетекші лауазымдарды атқарған Ботагөз Жәрдемәлі қатаң бақылап отырған.

Еске сала кетейік, Қазақстанда БТА банкінің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязов алты миллиард доллардан астам сомаға қаржылық алаяқтық жасады деп айыпталып отыр. Ол 2013 жылдың 31 шілдесінде Францияда ұсталды. Содан бері қамауда отыр. Француз әділет органдары Әблязовтің бостандыққа шығу туралы өтінішін бірнеше рет қабылдамай тастады. Алғашқы инстанциядағы сот бизнесменді Ресейге экстрадициялауға шешім шығарды, бірақ алғашқы процесте жіберілген заңбұзушылыққа байланысты іс қайта қарауға қалдырылды. tengrinews.kz