Еліміздегі ең нәтижелі шенеуніктер тізімі анықталды. "Саясат Monitoring" тобы мен "Стратегия" әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы министрлер кабинетіндегі еңбекқор шенеуніктердің есімін жария етті.
Бұл туралы
Newtimews.kz сайтына сілтеме жасап
NUR.KZ хабарлайды.
Рейтингті дайындау барысында екі нәрсе негізге алынған. Ол - өз қарамағына алған саладағы нәтижелі жұмыстар және елбасы тапсырмасын орындау.
Сарапшылар қорытындысы бойынша, үздік он шенеуніктің көшін Ерлан Ыдырысов бастап тұр. Сыртқы істер министрі Украинадағы жағдайға байланысты және жаһандық терроризм қаупі жөнінде тұшымды ой айтқандығымен ерекшеленді.
Одан бөлек, мамандар Ыдырысовтың БҰҰ Бас ассамблеясының 69-ы сессиясында елуге жуық кездесу өткізгенін, оның ішінде БҰҰ басшысы Пан Ги Мун, АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керримен кездескенін де назарға алыпты. Сондай-ақ, Елбасы жиі қабылдауында болған да Ерлан Ыдырысов.
Екінші орында - премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев. Ол экономикалық бөлікке, әсіресе, еуразиялық экономикалық интеграцияға қатысты маңызды сұрақтарды ұмыт қалдырмайды.
Мамандар үшінші орынға Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовты лайық деп тапты. Құқық қорғау органдарындағы шикілік көп болса да, Қасымов үздік шенеуніктер үштігіне енген.
Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы агенттік төрағасы Қайрат Қожамжаров пен энергетика вице-министрі Ұзақбай Қарабалин алғашқы ондықта.
Екінші ондық ішінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына жауап беретін шенеуніктер бар. Оның ішінде, Ұлттық экономика және Энергетика министрлерін көруге болады.
Мамандар Мәдениет және спорт министрлігіне келген Арыстанбек Мұхамедиұлын белсенді шенеуніктер қатарына жатқызыпты. Ол театр, мұражайды дамытып, отандық кинематографтардың мәселелерін көтерген еді.
Ал Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов пен Экономикалық интеграция істері жөніндегі министр Жанар Айтжанова жиырмалықтың қатарында жоқ.