БҚО әкімі арақ іштің деп сөккендерге өкпелеп қалды
2014 ж. 06 қазан
2468
5
Қарағанды өңірінде облыс пен қала әкімдерінің тұтқындалуы олардың басқа аймақтардағы әріптестерін ойландырып тастағандай.
Астанаға есеп беруге келген Батыс Қазақстан облысының әкіміне тілшілер: "Билікте жүріп Әбдішевтің кебін киемін деп ойлаймайсыз ба?" деген сұрақ қойып еді, Нұрлан Ноғаев "ол тағдыр, сондықтан түрмеден де қашып құтыла алмайсың" деп терең күрсіне жауап берді деп хабарлайды КТК арнасы.
"Ешкім ертең өзін не күтіп тұрғанын білмейді. Сіз осы залдан шыққан соң не болатынын білмейсіз ғой. Болжай да алмайсыз. Сол сияқты", - деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, Ноғаев Оралдағы Сорочин жәрмеңкесінде болған жәйтке түсініктеме берді. Жақында облыс басшысының бір рөмке арақ ішіп тұрған суреті жарияланып соңы үлкен дау туғызған болатын. Бірақ әкім қонаққа барғанда ащы судан ұрттап тұратынын жасырған жоқ.
"Мен де адаммын" деген Нұрлан Ноғаев жәрмеңкеде ұсынылған арақтан бас тарта алмаған. Өз әрекетін дұрыс санайтын әкім бұдан шу шығарғандарды түсінбейтінін айтып өкпелеп қалды.
"Бір рөмке ғана. Сол үшін осыншама шу. Түсінбеймін", - деп налиды әкім.