Тоқаев елімізде халықаралық форумдардың өткізілуін доғаруға шақырды
2014 ж. 02 қазан
2139
1
Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде халықаралық форумдар өткізудің жиілеп кеткенін айтып, Үкіметке құлаққағыс жасады.
Бұл туралы "Қазақпарат" хабарлайды.
Еске сала кетейік, отырыста "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы Техникалық ынтымақтастықтың нысаналы қоры туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңы қабылданған болатын.
Ал аталған құжатта көзделген басты мақсат 2014 жылғы 6-8 қазанда Астанада "Біріккен Ұлттар Ұйымының "Электрондық үкімет 2014" жаһандық форумын" өткізу болып табылады.
"Әрине, мен бұл келісімді ратификациялаудың қажеттілігіне еш күмән келтірмеймін. Алайда, бізде соңғы уақытта халықаралық форумдар көбейіп кетті. Бұл жайында Президент те бірнеше мәрте айтты. Қазір біз ратификациялап жатырмыз, ал бюджеттен бірден бес жүз мың доллар осыған кетеді. Бұл соншалықты көп сома еместей көрінеді, дегенмен форумдар бірінен соң бірі қаптады", - деді Сенат спикері.
Осы ретте Төраға Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-мен ынтымақтастық шын мәнінде қажетті екенін айтып, алайда, ондай Ұйымда шешімдердің қалай қабылданатынымен нақты таныс екенін алға тартты.