Ресей батыстың компанияларына әуе кеңістігін пайдалануға тыйым салуы мүмкін
2014 ж. 09 қыркүйек
1466
0
Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев "Батыс елдері Ресейдің Украинадағы әрекеттеріне қарсы жаңа санкциялар салар болса, Мәскеу оған лайықты жауап қайтарады" деп мәлімдеді.
Медведевтің айтуынша, жаңа санкциялар салынған жағдайда Ресей Батыс әуе компанияларына әуе кеңістігін пайдалануына тыйым салуы мүмкін.
Дмитрий Медведев ресейлік "Ведомости" газетінде 8 қыркүйекте жарияланған сұхбатында: "Егер біздің энергетика, қаржы секторымызды ары қарай шектейтін санкциялар салынатын болса, оған сай жауап қайтаруымызға тура келеді" дейді.
Медведев Ресейдің серіктестерімен "достық қатынаста болғандықтан әуе кеңістігін пайдалануға рұқсат еткенін" айтады.
Ол Батыс әуе компанияларының ұшақтары Ресейден өзге аймақтың әуе кеңістігі арқылы ұшса, онда көпшілігі банкроттыққа ұшырауы мүмкін екенін айтты.
Еуропа Одағы өткен аптадағы НАТО саммитінде 8 қыркүйектен бастап Ресейге қарсы жаңа санкциялар салатынын айтып, бірақ Мәскеу Украинаның оңтүстік-шығысындағы қақтығыстарды реттеуге шын ынта білдіріп жатса, оны тоқтатуға уағдаласқан.