ПУТИН: «ҚАЗАҚТА БҰРЫН МЕМЛЕКЕТТІЛІК БОЛМАҒАН».
2014 ж. 01 қыркүйек
4290
5
Ресейлік жастармен кездескен Владимир Путиннің қазақ мемлекеті тарихына қатысты жауабы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұған дейін айтқан пікірімен үндес шықты.
«ҚАЗАҚСТАН - РЕСЕЙДІҢ ЖАҚЫН ОДАҚТАСЫ»
Кездесуде "Украинадағы ұлтшылдықты" қауіп қылған студент "Қазақстанның оңтүстігінде де ұлтшылдық көңіл-күй артқанын", "мұны тежеп тұрған фактор - президент Назарбаев" екенін айта келе: "Назарбаев мырза президенттіктен кетсе, украин сценарийін күтеміз бе?" деп сұрады.
Владимир Путин Қазақстан Ресейдің "жақын стратегиялық одақтасы және әріптесі" екенін, президент Назарбаевтың "дені сау, әзірше ешқайда кетпейтінін" еске сала келе:
- Әрине, бұл халқы Ресейден он есе аз ел, бірақ бәрібір үлкен ел. Қазақстандағы азаматтардың көбі Ресеймен қарым-қатынасты дамытуды жақтайтынына сенімдімін. Оны көріп, біліп отырмыз, - деді.
Владимир Путиннің айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаев - "постсоветтік аумақтағы ең сауатты басшы". Ресей президентінің пікірінше, Қазақстан президенті "ешқашан халқының қалауына қарсы шықпайды, халықтың не күтіп отырғанын жіті байқайды".
Путин Назарбаевтың ерекше ісі - "ешқашан мемлекеті болмаған қазақтарға мемлекет жасап бергені" екенін айтты.
- Ол ерекше нәрсе жасады. Ол ешқашан мемлекет болмаған аумақта мемлекет құрды. Қазақтарда ешқашан мемлекеттілік болмаған, - деді Ресей президенті.
Еуразиялық Одақ құру идеясы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі екенін де еске салған Владимир Путиннің сөзінше, бұл құрылым Қазақстанға "экономикасын дамыту үшін, ірі орыс әлемі аясында қала беруі үшін пайдалы".
НАЗАРБАЕВТЫҢ ТІЛ МЕН ШЕКАРА ЖАЙЛЫ ПІКІРІ
Ресей президентіне қойылған сауалға - "Украинадағы ұлтшылдыққа" қатысты Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірі осы аптаның басында оның "Хабар" телеарнасына берген сұқбатында мәлім болған еді.
Қазақстан президенті: "Қазақстанда мемлекеттік тілден басқа тілдердің дамуына заң жүзінде бөгет жасалса, халыққа ол тілдерде сөйлеуге тыйым салса, ел екінші Украинаға айналуы мүмкін" деген.
Путиннің қазақ мемлекетінің тарихына қатысты жауабы да Назарбаевтың пікірімен үндес. Қазақстан президенті тәуелсіз Қазақстанның қазіргі аумағында қазақ мемлекеттігі мен шекарасы "1992 жылға дейін болмағанын" әлденеше рет айтқан.
Президент Назарбаев 2005 жылы: «Қазақстанның, қазақтардың ешқашан шекарасы болмаған. Қазіргі кезектегі шекараларда мемлекеттіліктің белгісі ешқашан болмаған» деген.
Бұл пікірін 2011 жылы да қайталаған Нұрсұлтан Назарбаев: «Еш уақытта қазақ... қазақ мемлекеті болған жоқ, себебі шекарасы болған жоқ. Тұңғыш рет қазақтың шекарасын шегелеп, БҰҰ-ға жеткіздік... Ешқашан қазақ өзі таңдап өз астанасын салған жоқ...» деп мәлімдеген.
http://www.azattyq.org/content/russia_putin_about_kazakhstan/26556907.html