Блэр Назарбаевқа Жаңаөзен туралы не деуді үйреткен
2014 ж. 27 тамыз
3575
0
Баспасөзде Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Блэрдің Қазақстан президентіне жазған хаты жарияланған. Ол Назарбаевқа Жаңаөзен оқиғасынан кейін беделін қалай жақсартуға болатыны жөнінде кеңес берген. HRW Блэрді «автократ әміршімен ынтымақтасты» деп айыптайды.
Ұлыбританияның сол кездегі премьер-министрі Тони Блэр (оң жақта) мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Лондон, 21 қараша 2006 жыл.
Бұл хаттың британдық Sunday Telegraph газетіне түскені туралы хабар өткен соңында тараған. Хат авторы, Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Маңғыстау облысындағыЖаңаөзен қаласы мен Шетпе станциясындағы оқиғаларға байланысты сұрақтарға Батыс елдерінде қалай жауап беру керектігі туралы кеңестер берген. Мұнайшылардың жеті айға созылған ереуілінен кейін 2011 жылы 16-17 желтоқсанда полиция шерушілерге қарсы қаруқолданған. Ресми дерек бойынша, ол оқиғадан кемі 17 адам қаза тауып, 100-ден аса адам жараланған.
Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы Тони Блэрдің әрекетін «масқара қылық» деп айыптайды.
ТОНИ БЛЭРДІҢ КЕҢЕСІ
Президент Назарбаевқа бұл кеңестер 2012 жылдың шілде айында, Ұлыбританияның Кембридж университетінде сөз сөйлері қарсаңында жіберілген.
Газет Тони Блэрдің хатынан: «Құрметті президент мырза. Мына екі пунктті Кембриджде сөйлейтін сөзіңізге қосуды ұсынамын. Жаңаөзен жайлы сұрақтарды қаймықпай тыңдағаныңыз жөн. Ол оқиғалардан кейін сіздің өзгерістер енгізгеніңізді бәрі біледі. Бірақ Қазақстан жеткен зор прогреске көлеңке түсірмеуі тиіс болса да, бұл – қайғылы оқиға. Ол қырғынға байланысты сауал қойған Батыс журналистеріне мен ұсынғандай жауап берген дұрыс. Бұл жауап болашақта Қазақстан үшін тиімді цитатаға айналуы мүмкін» деген үзінді келтірген.
http://www.azattyq.org
Блэр Назарбаевқа НАТО әскерлерін Ауғанстаннан шығаруда Қазақстанның көмек көрсеткенін және совет дәуірінің сарқыншағы ретінде ядролық қарудан бас тарту шешімін атап өтуге кеңес берген. Блэрдің хаты «Ізгі тілекпен. Сізбен Лондонда кездесуді тағатсыздана күтемін! Сізді қадір тұтатын Тони Блэр» деген өз қолымен жазған сөздермен аяқталған.
Тони Блэрдің 2007 жылы премьерлік қызметі аяқталғаннан кейінгі қызметін бақылаған британ баспасөзі оның Тony Blair Associates (TBA) фирмасы Қазақстанның және оның ауыспай келе жатқан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың шетелдегі жағымды имиджін жасау үшін қызмет көрсеткені туралы талай мәрте хабарлаған. Бұл мәміле арқылы оның фирмасы жылына 7 миллиондай фунт стерлинг табады деп есептеледі.
Ал Тони Блэр Қазақстанмен байланысынан «жеке пайда» көргенін мойындамайды. Оның баспасөз хатшысы Sunday Telegraph газетіне: «Бұл – Жаңаөзенде шынымен қайғылы оқиға болғанын, оны елеусіз қалдырмай, кез келген сөзде аталып өтуі тиіс екенін тұжырған хат» деп мәлімдеген. Оның айтуынша, Қазақстанда адам құқығы саласында «нақты проблемалар» барын, экономикалық даму, діни төзімділік пен ядролық қарудан бас тарту мәселелерінде елдің «үлкен прогреске жеткенін» Тони Блэр үнемі атап өтеді.
НАРАЗЫЛЫҚ
HRW құқық қорғау ұйымының Еуропа мен Орталық Азия елдері бойынша бөлімі директоры Хью Уильямсон баспасөзде Тони Блэрдің Қазақстандағы адам құқығы саласындағы шешілмеген проблемаларды елемей, автократтың сөзін жазғаны үшін миллиондаған фунт алғанын масқара қылық деп бағалайды. HRW ұйымы дерегінше, заңдарды өз қалауынша пайдаланатын билік сөз еркіндігі мен өзгеше ойлауды аяусыз таптаған Қазақстанда адам құқығы ахуалы 2013 жылы нашарлай түскен.
Англияда тұратын саяси эмигрант әрі қазақстандық саясаткер Ержан Досмұхамедов 2012 жылы Қазақстан президентімен Кембридж университетінде өткен кездесуге шақыру алғанымен бармағанын айтады. Оның айтуынша, Тони Блэрдің диктаторларға, оның ішінде 2011 жылы өлтірілген Ливия басшысы Муаммар Каддафиге қызмет еткені бұрыннан белгілі.
«Тони Блэрдің арсыздығын қылмысқа теңеуге болады. Өйткені ол мұндай әрекеттерімен Нұрсұлтан Назарбаевтың режимі сияқты адам баласына қарсы қанды режимдердің жалғасуына көмектеседі. Мұндай диктаторлардың Британ және Батыс элитасындағы тамыр-таныстары Горбачев тұсында өркен жая бастаған демократияны басып-жаншуға көмектеседі. Тони Блэр сияқты жандардың кесірінен демократиялық күштер мен азаматтық қоғам қудаланады. Мұндай қуғындаулардың шексіз арсыздығы мен аяусыздығы Батыс интеллектуалдары мен Батыс жұртына жетпей отыр» деді Ержан Досмұхамедов Азаттыққа.
Азаттық «Нұр Отан» партиясының бұрынғы хатшысы Ерлан Қариннен бұл хатқа қатысты комментарий беруін сұрады. Ол «бұл тақырыптан хабарым жоқ» деп жауап берді.
Азаттықтың сауалына парламент депутаты Нұртай Сәбилянов та осыған ұқсас жауап беріп «Хабарым жоқ, ондай келісімді көрген жоқпын. Бұл мәселеге қатысты айтар қысқа жауабым осы» деді ол.
Британ баспасөзінің жазуынша, Нұрсұлтан Назарбаев Кэмбридж университетінде сөйлеген сөзінде Тони Блэрдің кеңестерін көбінесе ескергенімен, негізгі кеңесін тыңдамай, Жаңаөзен оқиғасына тоқтамай кеткен. Ұлыбританиядағы Қазақстан елшілігінің сайтында Caspionet мемлекеттік телеарнасы хабарының мәтіні жарияланған. Онда Кэмбридж университетінде сөз сөйлеуден жарты жыл бұрын болған Жаңаөзен оқиғасы туралы президент Назарбаевтың не айтқаны жазылмаған. Бірақ сюжетке қарағанда, кездесуге көбінесе британдық ғалымдар мен университет оқытушылары қатысқан. Олар кездесу кезінде кез келген сұрақ қоюына болар еді. Сюжетте «Назарбаевтың сөзі Ұлыбританияның ғылыми ортасында үлкен қызығушылық туғызды» делінген.