«Нұр Отан» ХҚКО мен салық органдары қызметкерлерiнiң жалақысын арттыруды ұсынды

 Халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО) мен салық органдары қызметкерлерiнiң жалақысын арттыру қажет. Бұл туралы бүгiн «Нұр Отан» партиясы Астана қаласы филиалы саяси кеңесiнiң кеңейтiлген отырысы барысында филиал төрағасының бiрiншi орынбасары Сапар Ахметов мәлiмдедi, деп хабарлайды BNews.kz тiлшiсi. «Мемлекеттiк қызмет пен басқару саласында сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрiнiсi халықтың билiкке деген сенiмiн жойып, күмән туғызады. Жұмыстың сапасы, оның уақытылы орындалуы мен мемлекеттiк қызметкерлер сыпайылығынан қарапайым адамдардың мемлекеттк билiкке деген пiкiрi қалыптасады. Осыған байланысты, халыққа қызмет көрсету орталықтары мен клиенттермен тiкелей жұмыс iстейтiн салық органдары қызметкерлерiнiң еңбекақысын арттыру керек деп есептеймiз», - дедi С.Ахметов. Өз сөзiнде ол ХҚКО-ның қатардағы қызметкерiнiң орташа жалақысы 65 мың теңгенi, жұмыспен қамту орталықтары мамандарынiкi 45 мың теңгены, салық органдарындағы орташа айлық 60 мың теңгенi құрайтынын атап өттi. «Бұл – мiндеттi салық төлемдерiнсiз айтылып отырған еңбекақы мөлшерi. Халық санының өсімін, жұмыс жүктемесiнiң әрдайым артуын және бұл мекемелердегi кадрлардың жиi ауысатынын ескерсек, бұл мәселенiң шешiлуi саланы бiлiктi, тұрақты кадрлармен қамтып, сыбайлас жемқорлықтың орын алу қаупiн төмендетушi едi. Мемлекеттiк қызмет саласында тиiстi еңбекақы болуы тиiс», - деп түйiндедi ол.
Диана ҚҰЛМАҒАНБЕТОВА
www.bnews.kz