Қадыровтың жоғалған телефонын қалай іздеді?
2014 ж. 21 тамыз
2681
0
Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың музейдің ашылу салтанатында жоғалтқан телефонын іздеген полиция мыңдаған адамды тергеуге алды.
Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров Кремльдегі Мемлекеттік кеңес жиынында мобильдік телефонынан қарап отыр. Мәскеу, 31 мамыр 2013 жыл.
Жақында Шешенстанда елден ерекше оқиға болды. Автономиялық аймақ басшысы музейдің ашылу салтанатына қатысып жүріп телефонын жоғалтып алды. Жоғалған телефонды іздеген полицейлер ауылдағы мерекелік шараға барған кәрі-жасты тегіс тергеген.
ҚАТАҢ ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫ
Қалта телефонын жоғалтқан кімге ұнай қойсын? Рамзан Қадыров та ет пен сүйектен жаралған адам екен. Осы демалыста ауылдағы музейдің ашылу салтанатына қатысқан Шешенстан басшысы телефонын жоғалтып алыпты. Ресейлік «Мемориал» адам құқықтарын қорғау ұйымының мәліметіне қарағанда, полиция офицерлері мен жергілікті әкімшілік қызметкерлері 16 тамызда түнде мыңдаған адамды, соның ішінде жас балаларды кеңсеге шақыртып, тергеген. «Олардың көпшілігі үйлеріне таң азанда бір-ақ келген» деп жазады ұйым өкілдері. Телефон жоғалту оқиғасы Грозныйдан 30 километр қашықтықта, Шешенстанның орталығында орналасқан Герменчук ауылының маңындағы «Шира-Юрт» музейінің ашылуы кезінде болған. Салтанатқа мыңдаған адам қатысқан. Қауіпсіздік шаралары өте қатаң болған. Көліктер бір километр қашықтыққа қойылып, жұрт музейге дейін жаяу келген. Полиция олардың көліктерін тінтіп, өздерін секіртіп тексерген.ЖАППАЙ ТЕРГЕУ
Әлеуметтік желідегі жазбаларына қарасақ, Рамзан Кадыровтың көңілі көтеріңкі болған сияқты. «Бұл – Шешенстандағы керемет салтанат. Республиканың мыңдаған тұрғыны Герменчук ауылының қасында тұрғызылған Шира-Юртқа жиналды... Бұл – ортағасырлық шешен бекінісінің көшірмесі. Ресейден және басқа елден келген туристер ауылдағы музейге келеді» деп жазды ол Instagram желісінде. «Мемориал» ұйымының хабарлауынша, салтанат барысында шешендердің дәстүрлі үйлену тойы болып, Кадыров жас жұбайларға миллион доллар сыйлаған. Шешенстанның әр аймағы бишілерін қатыстырып, қызықты би жарысы болған. Бірақ, шараның соңына қарай салтанатты жиынның шырқы кеткен. Дауыс күшейткішпен Кадыровтың телефоны жоғалғанын хабарлаған соң жаппай тергеу басталыпты. Алдымен сахнадағыларды сұрақтың астына алған. Жұрт үйлеріне тарай бастаған кезде аймақ басшылары ұйымдастырушыларға телефон шалып, шараға қатысушылар мен қонақтардың тізімін беруді талап еткен. Содан соң олар жұртты кеңсеге шақырып бір-бірлеп тергей бастаған. «Олар «Шараға қатыстыңыз ба? Қатысқан болсаңыз қай жерде тұрдыңыз? Телефон не иесіз жатқан басқа зат көрмедіңіз бе?» деген сияқты сұрақтар қойған» деп жазады «Мемориал».«МЕМОРИАЛ» МЕН КАДЫРОВТЫҢ АРАСЫ
«Мемориал» – қауіпті әрі мазасыз Солтүстік Кавказ аймағындағы адам құқықтарына қатысты жағдайды терең зерттеумен айналысатын аз ғана ұйымдардың бірі. Бұл ұйымның Шешенстан басшысымен арасы онша емес. 2008 жылы «Мемориал» басшысы Олег Орлов Рамзан Кадыровты адам құқықтарын қорғаушы Наталья Естемированы өлтірді деп айыптаған. Кадыров жала жапқаны үшін Орловты сотқа берген. Бірақ, 2011 жылы Мәскеу соты «ол тек өз көзқарасын ғана білдірген» деп «Мемориал» басшысын ақтап алған. Ең қызығы, Рамзан Кадыровтың жоғалған телефонын тапқан-таппағаны белгісіз. Том Бэлмфорттың материалын ағылшыншадан аударған – Мұхтар Екей. http://www.azattyq.org