Енді төлеуге қабілеттілігіңізді растамай-ақ баспана алуыңызға болады

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өз клиенттеріне жеңілдік жасап, төлем қабілеттілігін растауды алып тастауға шешім қабылдады, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.

«Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасының бір бағыты – «Жас отбасы үшін жалға берілетін тұрғын үй» «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы іске асырылып жатыр. Оның басты талабы, өтініш берген кезде жұбайлардың екеуінің де жасы 29-дан аспауы қажет.

Әрине, мұндай жастағы отбасының кішкентай балалары болады, жас келіншек декреттік демалыста отырады. Сондықтан жастар тұрғын үй құрылыс жинақ шотында ай сайын қаржы салып, төлемге қабілеттілігін растау барысында қиындыққа тап болады. Заемға кепіл болатын адам іздейді. Бұл жағдайды ескере отырып, Банк өз клиенттеріне жеңілдік жасап, төлем қабілеттілігін растауды алып тастауға шешім қабылдады. Ол үшін тек Банкке өтініш бергенге дейін 6-12 ай ішінде жинақтау салымдарын ай сайын уақтылы салып отырса болғаны.

Бұл үшін Бағдарламаға қатысып, жалға баспана алуға ниетті отбасыларға алдын ала дайындық жасауды ұсынамыз: Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде шот ашып, құжат тапсырғанға дейін қаржыңызды жинақтай бастаңыз. Мәселен, аумағы 60 ш.м, жайлылығы 4-сыныпты екі бөлмелі пәтердің бағасы – 6 000 000 теңге. Банк ұсынған ай сайынғы салым – 31 800 теңге. Егер 6 ай бойы бұл сома толық әрі тұрақты салынып отырса немесе мерзімінен бұрын барлық сома төленсе, жалға баспана алатын бағдарламаға қатысушыға төлем қабілеттілігін растаудың қажеті жоқ.

Жоғарыда көрсетілген жағдай сақталған кезде «Халықтың барлық санатына арналған тұрғын үй» бағыты шеңберінде жалға тұрғын үй алушылардың да төлем қабілеттілігін растамауына болады.

www.bnews.kz