Балқаннан соғысқа жалданушылар көбейді
2014 ж. 19 тамыз
2398
0
Босния, Сербия және Косово үкіметтері кикілжің аймақтарында жалданып соғысып жатқандардың легін тоқтата алмай әлек. Бұл елдердің азаматтары неге экстремистік жолды таңдап, бөтен елде соғысып жүр?
ЖАЛДАМАЛЫЛАР
Қырғи-қабақ соғыс кезінде Югославия әлемнің түкпір-түкпіріне мұғалімдер мен дәрігерлерді, инженерлер мен басқа да кәсіп иелерін аттандырып отыратын.
Қазір бұрынғы Югославияның кейбір елдері сыртқа жиһадшылар мен жалдамалыларды «экспорттаумен» әйгілі бола бастады. Босния-Герцеговина, Косово және Сербия үкіметтері бұл нөпірді тоқтатпаққа қанша күш салса да, соғысқа аттанғандар саны азаймақ түгіл көбейіп барады.
8 тамыз күні «Ислам мемлекеті» тобы Иракта ұйымдастырған теракт кезінде Босния-Герцеговинаның 23 жастағы азаматы Эмрах Фойница өзін-өзі жарып жіберді.
Осыдан бірнеше күн өткен соң Косово полициясы ел аумағындағы 60-қа тарта елдімекенде рейд жүргізіп, 40-қа жуық терроршыны тұтқынға алды.
Ал Сербия үкіметі өз елінің ондаған азаматы Украинаның шығысындағы соғыстың екі жағында да ұрысқа қатысып жатқанын айтты.
– Олардың нақты санын анықтау қиын. Бірақ олардың аз емес екені анық. Соғыс аймақтарында ондаған адамның жүргені белгілі, - деді Сербия парламентінің депутаты Милорад Миятович.
«ҚАТАЛ ЗАҢ НӘТИЖЕ БЕРМЕУІ МҮМКІН»
Лондондағы Радикализмді зерттеу халықаралық орталығының сәуірде жасаған болжамына қарағанда Ирак пен Сириядағы шетелдік жауынгерлердің 6 пайызға жуығы – Балқан түбегінен келгендер. Косово басшылығының дерегіне сенсек, бұл елдің 200-ге жуық азаматы Таяу Шығыстағы ұрысқа аттанған, соның 16-сы оққа ұшқан.
Сербия премьер-министрі Александр Вучичтің айтуынша, «Сербияның ондаған азаматы Ресей жағында, және ондаған азаматы Украина жағында ұрысқа қатысып жатыр. Олардың 99 пайызы – ақшаға сатылған жалдамалылар».
Босния жалданып соғысқа қатысуды қылмыс қатарына жатқызатын заң қабылдады. Косово парламенті осы тақылеттес заңды бірінші оқылымда мақұлдады. Ал Сербияның заң шығарушылары осындай заңды енді ұсынып жатыр. Алайда, заңды қатаңдату ешқандай нәтиже бермейді деген де күмән бар.
Украина сепаратистерінің қатарында соғысқысы келетін еріктілерді жинаумен айналысатын «Четник» қозғалысының өкілі Стивен Вукоевичтің айтуынша, олардың қатарында Ресейде жұмыс істеп жатқан сербтер бар. «Олар Украинаға Ресей арқылы өте алады, оларға Сербия арқылы барудың еш қажеттілігі жоқ» дейді ол.
«ҮКІМЕТ ҚЫЛМЫСКЕРЛЕРМЕН АУЫЗ ЖАЛАСҚАН»
Босния-Герцеговинада жағдай бұдан да қиын. Сирия мен Иракқа майданға кетіп жатқандардың көбі – уаххабшылардың экстремистік идеяларына уланғандар. Елдің солтүстігіндегі Горнья Маоча елдімекенінде уаххабшылардың терроризмге қатысы бар тобы жасырын жұмыс істейді.
Босния парламентінің депутаты Мехмед Брадарич кезінде елдің солтүстігіндегі Маглай қаласының мэрі қызметін атқарып тұрғанда діни экстремистерден талай құқай көрген. Жақын маңдағы Босница ауылын басып алған терроршылар қалаға да қауіп төндірген. «Осында тұрғанда олар өз заңдарын енгізді. Маглайда тұратын бізге өте қиын болды. Біз жаңа жыл сияқты мерекелерді тойлаудан қалдық» деп еске алады саясаткер.
Ал Барлау және қауіпсіздік агенттігінің директоры Алмер Дзуво үкіметтің діни экстремизммен күресу ниетіне күдікпен қарайды.
«Егер сіз төменнен бастап түрлі деңгейдегі қылмыстық ұйымдарға билік құрылымдарының қаншалық қатысты екенін білсеңіз, сіз де мен сияқты қобалжыған болар едіңіз» дейді Дзуво.
Өткен аптада Иракта жарылып өлген Эмрах Фойница – Босния басшылығына жақсы таныс адам. 2011 жылғы қазанда терроршы Мевлид Яшаревич Сараеводағы АҚШ елшілігі ғимаратына оқ жаудырғанда оның бір қаруын осы Фойница алмақ болған. Бұл екеуі де Горнья Маочадағы уаххабшылар ауылында тұрған. Полицейлер бұл ауылға ешқашан қайтып бармайын деп уәде берген Фойницаны босатып жіберген. Енді ол Иракта өзін өзі жарып өлді.
«ДАҒДАРЫС БАР ЖЕРДЕ ЭКСТРЕМИЗМ БАР»
Екі елдің де әлеуметтанушы ғалымдары «соғыс туризмінің» тамыры тым тереңде жатыр деп санайды.
– 19-20 жастағы жігіттеріміздің Боснияда қалып, бір кәсіппен айналысқаннан гөрі өздері картадан таба алмайтын шалғайдағы бір елге барып соғысуды жөн көретін түсініксіз заманда өмір сүріп жатырмыз, - дейді Сараеводағы университетте саясаттанудан сабақ беретін Владо Азинович.
Белградтық психатр Воицлав Чурчичтің де пікірі осыған саяды.
– Дағдарыстағы қоғам – экстремистер өсіп-өнетін тың жер. Экстремистердің ұстанымдары мен әрекеттерін қолдау арқылы өз қажеттіліктерін өтеп жүрген үкіметке наразы азаматтар көп. Жалпы әлеуметтік ахуал экстремизмнің өршуіне жағдай жасайды, - дейді сарапшы.
Жақында Deutsche Wellе ақпарат агенттігі Украинада жалданып соғысып жүрген бір топ серб жігітімен сұхбатты жариялады. Олар «Четник» қозғалысының ұйымдастыруымен майданға барған. Топ басшысы Братислав Зивкович «ұрыс аяқталып, таяу арада елге қайтатын шығармыз» деген үміт білдірген.
Балқандағы сарапшылар соғыс көргендердің қайта оралуынан үрейленіп отыр.
– Бұл жалдамалылар елге қайтып оралған соң тек Сербияның емес, бүкіл аймақтық қауіпсіздігіне қатер төндіретін топ пайда болады, - дейді сербиялық әскери сарапшы Боян Димитриевич.
Роберт Коалсонның материалын аударған – Мұхтар Екей.
http://www.azattyq.org