Дэвид Кэмерон НАТО-ны Ресеймен қарым-қатынасын қайта қарауға шақырды
2014 ж. 04 тамыз
2560
1
Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон НАТО-ны "Ресеймен қарым-қатынасын қайта қарауға" шақырды. Кэмерон "НАТО Ресеймен қарым-қатынасын қайта қарауы керек, Мәскеу альянсқа тек жау ретінде қарайды" дейді.
Келесі айда Ұлыбританияда НАТО саммиті өтеді. Кэмерон осы шара қарсаңында альянс басшылары мен бас хатшысы Андерс Фог Расмуссенге жазған хатында "НАТО мүше болып отырған елдерді Ресей тарапынан төнуі мүмкін әскери қауіптен қорғау мүмкіндігін күшейте түсуі тиіс" деген.
Кэмерон "НАТО Ресейдің Украинадағы астыртын әрекетін ескере отырып, Еуропаның шығыс аймағын ондай әрекеттерден қорғауға дайын болуы керек" екенін ескерткен.
Ол НАТО-ның қуатын күшейте түсу үшін әскери оқу-жаттығулар ретін өзгертуді, жабдық пен жарақты қайта орналастыруды, НАТО әскерін 25 мыңға көбейтуді ұсынады.
НАТО Украинаның Қырым түбегін аннексиялаған (2014 жылдың наурызы) Ресеймен байланыстарының бәрін тоқтатып, Еуропаның шығысындағы әскери жаттығуларын жиілетті.