«Антропоцендік дефаунация». Алтыншы алапат басталып кетті!
2014 ж. 01 тамыз
6828
0
Адам баласы қанша ақылды жаратылыс десек те, шексіз ғалам үшін ол жер бетінде жыбырлаған құрт іспетті ғана. Егер жұмыр жерде бір ғана жойқын алапат туылар болса, жыбырлаған тіршілік атаулымен бірге құрып кетері анық. Мүмкін, ғаламдық заңдылық жер-әлемді сондай сәттерге жақындатып бар жатқан болар. Оған себеп – ғалымдардың әдеттегіден өзге суық хабары.
Халықаралық зерттеушілер тобы жер бетінде жануарлар әлемі жойылуының алтыншы кезеңі басталғанын мәлімдеді. Бұл әрине жақсы жаңалық емес. Себебі, жануарларды құртуға негізгі себепкер – өркениетті қоғам құруға жанталасып жатқан адамдардың әрекеті.
Соңғы 300-400 жылда адамдар орасан зор көлемдегі көмір, мұнай-газ жақты. Он мыңдаған гектар жердің жасыл орманын отады. Бүгінгі күні ғаламшардың қай бөлігін қарасаңыз да адам аяғы таптап, улы қолы қиратпаған жер жоқ. Адамдардың аулауынан алып кенгрулар мен ірі аңдар, теңіз сиыры мен жүндес мамонттар жойылды. Соңғы 1500 жылдан бері Кезеген кептер, Тасмания жолбарысы, қытайдың тұщы суында өмір сүретін Байцзы дельфины қатарлы аңдардың еркше түрі жоғалды. Осы уақыт аралығында жер бетінен омыртқалы жануарлардың 325 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 45 пайызы жойылған.
Ғылыми тілде бұл «Антропоцендік дефаунация» немесе жануарлар дүниесінің алтыншы реткі адамдар қолымен жасалған жаппай жойылуы деп аталады.
Соңғы зерттеулерге сүйенсек, жақынғы 35 жылда адамзат баласының саны екі есе артқан, керісінше жануарлар екі есе азайған. Бұл реткі жойылудың тездігі қандай деңгейде екені белгісіз. Алайда ғалымдар бұны жер шары тарихындағы бұрынғы құрып-жоғалудың 1000 есесіндей деп шамалауда. Демек осы жолғы жойылу өте қарқынды жойылу болмақ.
Әр жолғы құрып-жоғалуға қарап отырсақ, ең алдымен ірі аңдардың тұқымы құритынын байқауға болады. Осыған орай жақын жылдары кит, піл, жолбарыс, мүйіз тұмсық, аю секілді ірі жануарларға жойылу қаупі төніп келеді.
Жан-жануар әлемі жойылса табиғаттың сәні кетіп, экологиялық ортаның тепе-теңдігі бұзылмақ. Десе де, ғалымдар бұл апаттың алдын алуға болады деген үмітте. Кейбір жануарларды аман алып қалған мысалдар да бар. Қарааяқ күзен, айдарлы құмай сынды аң-құстар сақталып қалды. Жалпы табиғат қорғаушылар 424 өсімдік мен жануарлар түрін жаңа мекенге көшіру арқылы жойылу қаупінен құтқарған.
Бірақ, бәрібір жер бетінен тұқымы тұздай құрыған көп жануарды қайта оралту мүмкін емес. Ал, жойылу қаупі төніп, саны азайып кеткен аң-құсты аман алып қалу үшін табиғат пен экологияны қорғауда қатаң шараларға көшуге тура келеді. Бірақ, жұмыр жерді қара құртша кеулеп бара жатқан адамдардың арасында бұл мүмкін бола қояр ма? Адамзат өркениетке ұмтылған сайын қоршаған ортаға қисапсыз қоқыс, ыс-түтін шығаруда. Ауа, су, топырақ күн сайын уға малшынуда.
Қазақстан табиғатына келер болсақ, бізде кейбір едлерге қарағанда тұмса күйінде сақталған табиғат ортасы бар. Онда әлемнің өзге құрлығында жоқ аң- құстар де кезігеді. Бірақ, қызыл кітапқа енгізілген сол жануарлардың да жойылу қаупі жоқ емес. Аяусыз қырғындалып жатқан Ақбөкендердің өзі тұқымы құрудың аз алдында. Жақында бұқаралық ақпарат құралдарынан еліміздегі биік тауды мекендейтін қар барысының камераға түскен суреттері көрсетілді. Бұл әрине жақсы жаңалық. Бірақ оны бүкіл БАҚ-та жарияламай-ақ қоюға да болар еді. Себебі, саны аз, сирек кездесетін ерекше аңның қайда кенін көрсетіп, жар салдық. Мүмкін, бір күні сүйкімді де айбарлы қар барыстарына камера емес мылтықтың суық ауызы кезеліп тұрмасына кім кепіл?!
Қорыта айтқанда табиғат дүниесі өте нәзік әрі өз заңдылығы мен өмір сүру тәртібі бар. Егер, сол заңдылығы мен тәртібі аяусыз бұзылған жағдайда мейірімді де нәзік табиғат жойқын апатқа жол бере саларына күмән келтірмеңіз. Сол үшін алтыншы реткі жануарлар әлемінің құрып-жоғалуының алдын алуға бәріміз үлес қосуға тиіспіз. Себебі, жануарларға келген алапат бір күні өз басымызға келіп жүрмесін.
Анықтама
Осыған дейін де жер бетіндегі жан-жануарлардың бес рет құрып-жоғалу дәуірі болған.
Біріншісі, 440 миллион жыл бұрын. «Ордовск жойылуы» (Ordovician extinction). Теңіз жануарларының 60 пайыз түрі жойылған.
Екіншісі, 364 миллион жылдың алдында. «Девеновск жойылуы» (Late Devonian extinction). Теңіз жануарларының түрі 50 пайызға азайған.
Үшіншісі, 251,4 миллион жыл бұрын. «Пермск жаппай қырылуы» (The Great Dying). Жер бетіндеггі тіршіліктің 95 пайызы құрып кеткен.
Төртіншісі, 199,6 миллион жыл бұрын. «Трасов-юрск жойылуы» (The Triassic-Jurassic extinction event). Қазіргі бар жануарлар түрінің жартысы қырылған.
Бесіншісі, 65,5 миллион жыл бұрын. «Мел-палеогеновтік жойылу» (The Cretaceous–Paleogene (K–Pg) extinction event). Соңғы жаппай қырылу. Барлық жануарлар түрінің алтыдан бір бөлігі жойылған. Оның ішінде динозаврлар да бар.
Мұрат Алмасбекұлы,
qiyan.kz