Бақтияр Артаев "Айсұлу қарындасына" амандық тіледі!..
2014 ж. 01 тамыз
2568
1
Бақтияр Артаевқа қатысты іс тоқтатылып, ол Лондонға оқуға аттанып кеткенін бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Тергеушілер қылмыс құрамын таппаған болатын.
Ал арқасынан үлкен жүк түскен Артаев Лондонға, оқуға аттанып кетті. Басынан өткен келеңсіз оқиғаны көрген түсіндей ұмытып, бұған қатысты сөйлегісі де келмейтінін Жетінші арнаға телефон арқылы хабарлады.
"Болмайтын дүние туралы айтқым келіп отырған жоқ, сасқан адамдар өздері сасып қалды ғой, не айтып не қойғандарын білмей қалды ғой. Болмайтын тірліктермен айналысқым келмейді, Айсұлу қарындасым өзі аман болсын. Мен қуаныштымын барлығы аман-есен аяқталып, оқуға шыққаныма", - деді басы дауға қалған олимпиада чемпионы.
Артаевқа қатысты аты шулы істің аяқталғанын ішкі істер департаментінің мамандары да растап отыр.
"Азаматша Айсұлу Ибрашеваның арызы бойынша ҚК 257 бабы яғни бұзақылық бабымен қылмыстық іс қозғалған. Барлық тиісті тергеу амалдары жүргізілді. Қазіргі уақытта Артаевқа қатысты іс қысқартылды, қылмыстық белгілері болмағандықтан", - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, бір ай бұрын Астана тұрғыны Айсұлу Ибрашева "түнгі клубта жүргенде Бақтияр Артаев бетімнен жұдырықпен ұрды" деп арызданған болатын.
Клуб күзетшілері боксшының қызға қол жұмсағанын көрмегендерін айтқан еді. Артаев болса, оған қол тигізбегенін, тіпті керісінше қыз оны іштен тепкенін жеткізген болатын.