Елімізде тағы да - терроризм...
2014 ж. 22 шілде
1758
0
Шымкенттің әл-Фараби аудандық соты Қазақстанның төрт азаматын "террористік топ құрамында ауыр қылмыс жасауға қатысқан" деп тауып, оларды 5 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге түрмеге кескен. Бұл туралы Азаттық хабарлады.
Дүйсенбі күні шыққан сот үкімінде "террорлық топ құрып, оған жетекшілік жасағаны және қызметіне қатысқаны", "террористік немесе экстремистік қызметті қаржылай немесе басқадай қолдағаны" үшін А.Абдубайтов пен Б.Байжарқынов 9 жылға, ал С.Абдуайтов – 8 жылға бас еркіндігінен айрылып, жазаларын жалпы режимдегі түзеу колониясында өтеуге кесілгені айтылған. Үшеуінің де мүлкі тәркіленген.
Қылмыстық кодекстің "қару-жарақ, оқ-дәрі мен жарылғыш заттарды заңсыз сатып алу, сақтау" бабы бойынша айыпты деп танылған М.Бекмырзаев та сот үкім еткен 5 жылдық жаза мерзімін жалпы режимдегі қамау колониясында өтейтін болады. Айыптау материалында бұл төрт адам 2011 жылдың қазан айынан 2013 жылдың қарашасына дейін Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында қылмыстық топ құрып, оған басшылық жасап, "терроризмді насихаттағаны" және "террористік іс-әрекетке қаржылай немесе өзгедей қолдау көрсеткені", сонымен бірге "террористік топ құрамында Сирия аумағында террорлық актілер жасауға қатысқаны" айтылған.