АҚШ-тың Ресейге қарсы кезекті санкциясы Қазақстанға да қиын тиеді!..
2014 ж. 21 шілде
2986
0
Таяуда АҚШ-тың Ресейге қарсы енгізген санкциясының салдарын халықаралық сарапшылар ауыр болады десіп жатыр. Өйткені ол алдыңғысындай жекелеген тұлғаларға емес, корпоративтік секторға бағытталып отыр. Нақтырақ айтқанда, жаңа санкция тізіміне ресейлік ірі банктер, энергетикалық алыптар мен қорғаныс компаниялары енгізілген.
"Алаш айнасы" басылымы мұндай жағдайда Ресеймен бір экономикалық одақта кіндігі байланған Қазақстанның жайы не болады деп алаңдайды... Жаңа санкция жарияланғанда Ресей президенті Владимир Путин БРИКС мемлекеттері басшыларымен болған кездесуден оралып, журналистермен баспасөз мәслихатын өткізіп жатқан-тын. Осы кездегі жаңа санкцияға қатысты өз ойын білдірген Путин алғаш рет оның Ресей экономикасына ауыр соғатынын мойындап, АҚШ-пен қарым-қатынасты жақсартуға есігі әрдайым ашық екендігін мәлімдеді (Путин бұған дейін санкция Ресей үшін шыбын шаққан құрлы болмайды деген мағынада мәлімдеме жасап келген – авт).
Дегенмен Ресей экономикасының қиын жағдайда екенін, экономика ғылымының докторы, профессор Тоқтар Есіркепов, Путин осы мәлімдемесі алдында БРИКС-те байқатқанын айтады.
"БРИКС – жас ұйым. Қазір ол халықаралық терең мәністегі шешімдерді қабылдауға қауқарлы емес. Мысалы, осындағы мемлекеттің бір де бірі Қырым референдумын мойындамаған. Міне, соған қарамастан БРИКС-ке арқа сүйеп, оларды Ресейдің өзіне бағытталып жатқан Батыс санкцияларынан қорғауға шақыруы әбден тығырыққа тірелгенін, өзінің қиын жағдайда екенін ашық байқатты", - дейді ғалым. "Қанша жерден әлемге қарсы күшенгенімен Ресей экономикасы тәуелсіз емес, АҚШ-та осы осал тұсына жармасып, Мәскеудің беті әбден қайтқанша тырнағын батыра береді. Бізге де ең жаманы осы боп тұр", - деген ғалым, санкицияның Қазақстанға әсері туралы да қауіп айтады.
Қанша жерден әлемге қарсы күшенгенімен Ресей экономикасы тәуелсіз емес, АҚШ-та осы осал тұсына жармасып, Мәскеудің беті әбден қайтқанша тырнағын батыра береді. Бізге де ең жаманы осы боп тұр.
"Экономикалық одақтар мен бірлестіктерді саяси мүддеге пайдаланудың арты жақсылыққа апармайды. Осы жағынан алғанда, Ресей оқшауланып, экономикасы құлдырай түседі. Өйткені өз өндірісін жандандыру үшін Ресей асықпады. Әрине, Ресеймен бірге Қазақстан да белгілі бір деңгейде сырт әлемнен оқшауланады. Ресей экономикасындағы қиыншылықтар көп мемлекетке,соның ішінде Еуропаның өзіне де, ал бізге міндетті түрде әсер етеді. Менің білуімде, қазір Қазақстан үкіметі бұл бағыттағы іс-қимылдарды жіті бақылап, ел экономикасына тиетін "жұдырықтың" жұмсақтау болуы үшін жан-жақты зерттеулер жүргізіп, арнайы бағдарлама жасауда", - дейді Тоқтар Есіркепов. Қаржыгер-маман Ілияс Исаев биылғы жылдың қаңтар мен мамыр айларын өткендегі осы кезеңмен салыстырғанда ел экономикасы өсімінде айтарлықтай төмендеу болғанын, бұл жағымсыз құбылыс алда жаңа санкцияларға байланысты арта түсетіндігін айтады.
"Қазірдің өзінде Қазақстан экономикасының даму қарқыны алдыңғы жылдарға қарағанда бәсеңсіген. Өйткені оған сауда-саттық қарым-қатынасындағы бас әріптестеріміз Ресей мен Украина экономикасындағы қиын жағдай ықпал еткен", - дейді Ілияс Исаев.
Бүгіндері АҚШ жұмсартылғаннан шартты санкция салуға көшті, яғни жекелей тұлғалардан корпоративтік секторға өтті. Бұл өз кезегінде даму қарқыны бәсеңсіген Қазақстан экономикасын тағы тежейтін фактор болатынын аңғартады.
Наурыз айындағы санкциялар онсыз да банктің ипотекалық бағдарламаларын жабуға ықпал еткен. Бұл жолы да осылай болады, яғни несиелендіру көлемі шектеледі. Айналымда қаражат азайып, ол тауарлардың қымбаттауына, инфляцияның күшеюіне, бюджетті үнемдеуде жұмыссыздардың артуына әкеп соғуы ықтимал.
Міне, осы тапшылықтың орнын жабу үшін шикізаттан түсетін табысты арттыру мақсатында тағы да шетелдік валюта қымбаттауы ықтимал. Негізінен, үнемі ақша құйылып отыруды қажет ететін шағын және орта кәсіпкерлік,өндіріс орындарына қиын соғады. Бұл Еуразиялық экономикалық одақ іске кіріскенге дейінгі жағдайымыз, ал одан кейінгісін болжаудың өзі өте қиын. Еске сала кетелік, АҚШ-тың ресейге қарсы енгізген жаңа санкция құрамына ресейлік екі қаржылық институты, екі энергетикалық компания, сонымен қатар әскери техника өндіретін сегіз өндіріс ошағы бар.