Президентке мақтанышпен көрсетілген үйлерді су басты
2014 ж. 12 шілде
2215
0
Ақтөбеде мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған баспаналар сыр берді. Жаңадан салынып жатқан Нұр Ақтөбе шағын ауданындағы пәтерлерді өткен түнде су басты. Жаңбыр суы төбеден сорғалап, тұрғындарды әуре сарсаңға салды.
Айта кетейік, аталған шағын ауданға тұрғындардың алғашқы легі өткен жылдың желтоқсанында қоныстанған болатын. Ақтөбелшік шенеуніктер Елбасына мақтанышпен көрсеткен Нұр Ақтөбе шағын ауданындағы жаңа үйлер жаздың алғашқы жауынына төтеп бере алмады. Жергілікті халық бұл ауданды енді Венеция деп атаймыз дейді.
Нөсер жақында ғана төселген асфальт жабындысын шайып, жаяу жүргіншілер жолы әр жерден тесіліп қалған. Ең сорақысы төбеден аққан су сорғалап, 4-қабатқа дейін жеткен.
Кеше кешкісін басталған нөсер жаңбыр Жадыра Оразованың пәтері 8-қабатта болғанына қарамастан, үйдегі барлық заттарын малмандай қылған. Ай сайын 40 мың теңгеден төлеп отыратын 6 жылдық несиесі былай тұрсын, дүние-мүлкінің басым көпшілігі жарамсыз қалды деп күйінеді. "Біз міне кеше есікті ашқанда, бізге көршілер звондады. Біздер өзіміз үйде болған жоқпыз. Кілемдердің бәрі суда қалқып тұр ғой. Кинода қалай болады солай", - дейді ол. "Мен мынадай үй болады деп ойлағаным жоқ, түнде вообще жататын жер болған жоқ, балаларымыздың бәрі далаға кетті. Не знаю, мынау масқара ғой енді. Еңбектеніп алған зат", - дейді басқа тұрғын Гүлбағдат Күлдиева.
Төбеден аққан судан нөмірі 10-шы және 11-үйлердің тұрғындары қатты зардап шеккен. Жертөле де суға толы.
Көпқабатты үйдің 2012 жылы іргетасы қаланып, 2013-дің аяғында пайдалануға берілген. Қазір мұндай 6 үйде адамдар тұрып жатыр. Жағдайға қаныққан құрылысқа жауапты мердігер мекеме басшылығы, келісімшартқа сәйкес жөндеу жұмыстарын жүргізіп береміз дейді. Алдын ала шолу жүргізген құрылысшылар, үйлердің шатыры шытынамаған, аман дейді. Айтуларынша, суағар кем-кетік. Сондықтан жақын күндері құбырларды алмастыруға уәде берді.
Ал шығынға белшеден батқан тұрғындар үшін тек жөндеу жүргізу аздық ететіндігі ақиқат. Бірақ жергілікті билік әзірге қандай да бір қаржылай көмектің болатындығын айта алмай отыр. Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан Нұр Ақтөбе болашақта шаһардың ірі ауданына айналуы тиіс. Ауданда құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Бірақ құрылысшылар ғимарат санын есептеп жүріп, сапасын ұмыт қалдырғандай.