Астана күнін тойлауға дайындалған шенеуніктер қаладағы тазалықты ұмытып кетті
2014 ж. 02 шілде
1938
0
Астана күнін дүрілдетіп тойлатуға дайындық қызу жүріп жатқандығы сонша, асыққан шенеуніктер қаладағы тазалықты ұмытып кетті. Республикалық әкімшілік ғимараттарға таяқ тастам жерде заңсыз қоқыс алаңы пайда болған.
Ең сорақысы - тау-тау үйілген құрылыс және тұрмыстық қалдықтар адамдар демалатын саябақтың аумағына төгіліп отыр.
Қанша қарсы пікір айтылса да қыруар ақша шашылып, шетелден әнші шақырту дәстүрге айналғаны рас. Биыл да берісі Лариса Долина арысы Аkon, Blue сынды жұлдыздар келмек. Тек ән айтып қоймай, қаланы аралап қыдыратыны да анық. Алайда, сол жағалаудағы мына жерге келулері екіталай. Тау-тау тастар, үйілген құмдар. Ағаш түбірлері мен сан түрлі құрылыс қалдықтары. Ал 100 метр жерде Есіл-Нұра арнасы ағып жатыр. Яғни, су қорғау аймағындағы қоқыс алаңы. Бұл бассыздықты көріп, бейжай қала алмаған эколог Бақытжан Базарбек бірден біздің арнаны шақырып, дабыл қаққан. Ол әуел баста қираған ғимарат орны шығар деп ойлапты. "Жақындай келе заңсыз қоқыс алаңы екені белгілі болды. Мына жерде саябақ тұр. Сондықтан біріншіден демалушыларға қолайсыздық туғызады. Екіншіден экологиялық қадағалаудың жоқ екенін көрсетеді. Осы тұрғыда заңнаманы күшейтіп, қылмыстық жазаға тартуды қарастыру қажет", - дейді эколог Бақытжан Базарбек.Түсіру тобын көргеннен кейін шенеуніктер де жетті. Үйілген қоқысты көріп өздері де таң қалды. Жанталасып әрлі-берлі қоңырау шалып мәселені шешуге кірісіп кетті. Сұрақ қойғанда қобалжығанын білдіргісі келмей, бәрі жоспарлы шара ретінде көрсеткісі келді.
Бұрынғы саяжайлардың бұзылған үйіндісі деп те ақталмақ болды. Алайда, түбінде 1 гектар аумақты алып жатқан қоқысты бүркемелеу мүмкін емес екенін түсінген сыңайлы. Бақылау жоқ екенін мойындады.
Енді жабайы қоқыс үйген мердігерге айыппұл саламыз деп кіжінді. Әрине, атаулы мереке алдында жаманатқа қалу кімге ұнасын? Биылғы қала күнін атап өтуге анау-мынау емес 700 миллион теңге бөлініп отыр.
Басты әкімшілік ғимараттардың дәл іргесінде үйілген құрылыс қалдықтарын тазалауға бұл қаражаттан қаржы бөлінер-бөлінбесі белгісіз.
31 арна